Конгода ондаған адамның өлімі тексеріліп жатыр: Эбола індетіне күдік бар
Мамандар лагерь тұрғындары арасында қауіпті вирустың таралу ықтималдығын жоққа шығармай отыр.
Конго Демократиялық Республикасының билігі Кигонзе босқындар лагерінде болған бірқатар өлім жағдайының мән-жайын анықтап жатыр. Мамыр айының басынан бері мұнда кемінде 30 адам көз жұмған.
Лагерь әкімшілігі мен гуманитарлық ұйымдардың мәліметінше, тұрғындар арасындағы өлім-жітім деңгейі бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жеткен. Қайтыс болғандардың көпшілігінде Эболаға тән белгілер байқалған. Олардың қатарында жоғары дене қызуы, қатты бас ауруы және құсу симптомдары бар.
Алайда өлімнің нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Мамандардың айтуынша, науқастар мен олардың туыстары ұзақ уақыт бойы медициналық тексеруден және зертханалық сынамалар тапсырудан бас тартқан. Бұл жағдай эпидемиологтардың жұмысын қиындатқан.
Бұрын адамдар осылай жаппай қайтыс болмайтын, – деді лагерь өкілі Дезире Гродя Бапи.
Кигонзе лагері Эбола вирусының таралу қаупі жоғары аймақтардың бірі саналатын Буниа қаласында орналасқан. Мамандарды алаңдататын тағы бір жайт – елдің шығыс бөлігінде бес миллионнан астам ішкі қоныс аударушының болуы. Егер індеттің таралғаны расталса, вирус осы ортада өте жылдам таралуы мүмкін.
Қазір жергілікті билік пен халықаралық гуманитарлық ұйымдар жағдайды бақылауда ұстап, індеттің алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.