Конго Демократиялық Республикасында Эбола жұқтырғандар саны 8 мыңға жуықтады
Эбола індеті елдің жеті провинциясындағы 63 ауданға тарады.
Конго Демократиялық Республикасында (КДР) Эбола вирусын жұқтырғандардың расталған саны 7 672-ге жетті. Қайтыс болғандар саны – 3 699.
КДР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, індет елдің жеті провинциясындағы 63 ауданға тараған. Науқастармен байланыста болған адамдарды бақылауға алу деңгейі 79,9%-ды құрады.
Осылайша, расталған ауру жағдайларының саны 7 672-ге, ал өлім-жітім көрсеткіші 3 699-ға жетті.
Індет басталғалы бері 1 879 адам сауығып шыққан. Соңғы 24 сағатта тағы 15 адамның жазылғаны тіркелді. Олардың 13-і Итури провинциясында.
Эбола Африкада мыңдаған адамның өмірін қиды
Геморрагиялық қызбаның бір түрін тудыратын Эбола вирусы алғаш рет 1976 жылы Суданның Нзара қаласы мен Конго Демократиялық Республикасындағы Ямбуку қаласында бір мезгілде болған індеттер кезінде анықталған.
КДР-дағы індет Эбола өзеніне жақын орналасқан ауылда басталғандықтан, ауруға осы өзеннің атауы берілді.
2013 жылғы желтоқсанда Эбола вирусы Батыс Африкаға тарады. 2014–2017 жылдары Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонені қамтыған эпидемия кезінде шамамен 30 мың адам вирус жұқтырып, 11 мыңнан астам науқас қайтыс болды.
КДР-да қазіргі індеттің басталғаны 15 мамырда ресми түрде жарияланды. Оған елдің шығысындағы Итури провинциясында ауруға күдікті 246 жағдай мен 65 өлімнің анықталуы себеп болды.
Денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, мамыр айында басталған Эболаның «Бундибуджио» түріне қарсы әзірге мақұлданған емдеу әдісі немесе вакцина жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Конго Эболаға қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуді бастады.