Кеше 2026, 15:45 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Көне домбыра, бақсының қобызы және ортеке: Қазақ тарихын "тірілткен" ерекше музей

Астанада 1600 ұлттық аспап сақталған құпия орын бар.

Астанада күн сайын жанынан жүздеген адам өтіп жатса да, көпшілігі әлі толық біле бермейтін ерекше орын бар. Ол – Астана қаласындағы Өнер музейі. Бір қарағанда кәдімгі тарихи ғимарат сияқты көрінгенімен, ішіне кірген сәттен қазақтың бірнеше ғасырлық мәдениеті, музыкасы, тұрмысы мен руханияты алдыңнан тіріліп шыққандай әсер береді. BAQ.KZ тілшісі музейге арнайы барып, экскурсияға қатысып қайтты. Гид Аяна Абай бізге көне домбыралардың тарихынан бастап, қазақ әйелдерінің кимешегіне дейін таныстырып шықты.

«Бұл ғимараттың өзі – тарих»

Экскурсия ең алдымен музейдің тарихынан басталды.

Өнер музейі Астана қаласындағы тарихи орындардың бірі деп айтуға болады. Ғимарат XIX ғасырдың аяғында салынған. Кезінде бұл жерде қыз балалар мен ұл балаларға арналған медресе болған. Қазіргі таңда бұл – өнер музейі. Музей 2025 жылдың 5 қазанында ашылды. Мұнда 1600-ге жуық қазақтың ұлттық аспаптары сақталған, – дейді Аяна Абай.

Музей бірнеше бөлімнен тұрады:

  • әлем аспаптары;
  • қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары;
  • соқпалы аспаптар;
  • қазақтың ұлттық бас киімдері;
  • көне музыкалық мұралар.

Ғимараттың ішіне кіргенде бірден көзге түсетіні – тыныштық пен ерекше атмосфера. Ағаштың иісі, көне аспаптардың үні, қазақы оюлар мен жарықтың жұмсақ түсуі музейді кәдімгі экспозициядан гөрі рухани кеңістікке ұқсатады.

Түркі халықтарын біріктірген аспаптар

Әлем аспаптары залында түркі әлеміне ортақ музыкалық мәдениеттің ізін көруге болады.

Мұнда өзбектің дутары, қырғыздың қылқияғы, моңғолдың моринхуры, түріктердің бағламасы, алтайлықтардың топшоры қатар қойылған.

Түркі халықтарындағы көптеген аспап бір-біріне өте ұқсас. Мысалы, біздің домбыраға ұқсас аспап өзбектерде, түрікмендерде және ұйғырларда дутар деп аталады. Ал қобыз тектес аспаптар қырғыздарда қылқияқ, алтай халқында икили деп кездеседі, – дейді ол.

Музейдегі кейбір аспаптарды шетелдік делегациялар сыйға тартқан.

Жошы этно-тобы басқа елдерге барған кезде барған мемлекеттен бір аспап сыйға әкелу дәстүрі қалыптасқан. Сол арқылы әлем аспаптары бөлімі толыққан, – дейді гид.

Ортеке: қазақтың екі мың жылдық «қуыршақ театры»

Музейдегі ерекше экспонаттардың бірі – ортеке.

Көпшілік үшін бұл жай ғана ағаштан жасалған бұйым болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында тұтас мәдениет жатыр.

Ахмет Жүнісов атамыз ортекені қазақтың нағыз қуыршақ театры деп санаған. Оның тарихы екі мың жылға кетеді. Бұл ортеке мүйізден жасалған. Ұлттық өнер шебері Азамат Бақия мырза тау етегінен мүйіз тауып алып, соны қайта жаңғыртып жасаған, – дейді Аяна Абай.

Оның айтуынша, музейдегі көптеген аспапты дәл осы Азамат Бақия жасаған.

Бақсының қобызы және «жын тыңдаған айна»

Келесі залда көне қобыздар тұр.

Олардың ішінде ерекше назар аудартатыны – бақсының қобызы.

Бұл – нағыз бақсының қобызы. Ішінде кішкентай айналары болған. Ертеректе бақсылар түрлі рухтармен байланыс жасаған деген түсінік бар ғой. Соған қатысты аңыздар кездеседі, – дейді Аяна Абай.

Неге жетіген «жеті» деген сөзден шықпаған?

Музейдегі тағы бір ерекше аспап – жетіген.

Көп адам оның атауы жеті шектен шыққан деп ойлайды. Бірақ музей мамандары мүлде басқа түсіндірме береді.

«Жетіген» сөзі «жатқан» деген мағынадан шыққан. Өйткені бұл аспапты жатқызып ойнайды. Түркі халықтарында «чатқан», «ятқан» деген аспаптар бар. Барлығының түбірі бір, – дейді гид.

Жетігеннің жанында асықтар қойылған. Бұрын дәл осылай асықпен күйге келтірген.

Ал музейдегі арнайы балаларға арналған жетігенге қағаз қойылып, нүктелер арқылы ойнау тәсілі жасалған. Яғни музыкаға алғашқы қадам жасауға арналған.

Қазақтың бас киімі – жай сән емес

Музейдегі ең әсерлі залдардың бірі – ұлттық бас киімдер бөлімі.

Мұнда сәукеле, кимешек, қасаба, бөрік, мұрақ сияқты ондаған тарихи бас киім қойылған.

Қазақ үшін бас киім қасиетті болған. Оны жерге тастамаған, айырбастамаған. Әр адамның басында бағы бар деп сенген, – дейді Аяна Абай.

Гид сәукеленің бағасы бұрын 255 жылқыға дейін жеткенін айтты.

Сәукеле қаншалықты биік, алтын-күміспен безендірілген болса, соншалықты қыздың әулетінің мәртебесі жоғары саналған, – дейді ол.

Ал кимешек әйелдің жасына, руына, әлеуметтік дәрежесіне қарай өзгеріп отырған.

Қазақ әйелдері алыстан келе жатқанда-ақ кимешегіне қарап оның қай рудан екенін білген, – дейді экскурсия жетекшісі.

Үкі не үшін тағылған?

Музейдегі тағы бір қызық дерек – үкіге қатысты.

Үкіні тек сән үшін тақпаған. Қазақтар үкінің иісінен жылан мен қарақұрт жоламайды деп сенген. Сондықтан бесікке де үкі таққан, – дейді Аяна.

Кернейдің даусы 4 шақырымға жеткен

Экскурсияның ең қызықты бөлігінің бірі – көне керней аспабы жайлы әңгіме болды.

Бұл – жорық кезінде қолданылған аспап. Даусы төрт шақырымға дейін жеткен. Егер он кернейші тұрса, ақпарат ондаған шақырымға тарай алған, – дейді гид.

Кернейді Азамат Бақия көне деректер негізінде қайта жаңғыртқан.

Домбыра бұрын дәл қазіргідей болмаған

Музейдегі көне домбыралар қазіргі таныс формадағы домбырадан мүлде бөлек.

Қазіргі домбыраның формасы XX ғасырдың ортасында қалыптасты. Ахмет Жұбановтың бастамасымен оркестрге ыңғайлы болу үшін арнайы жасалған. Оған дейін әр өңірдің домбырасы әртүрлі болған, – дейді ол.

Шығыстың ағашы бөлек, батыстың ағашы бөлек болғандықтан дыбысы да өзгеріп отырған.

Сондықтан қазақтың күй мектептері де домбыраның ерекшелігіне байланысты қалыптасқан.

«Шетелдіктер ауыздарын ашып кетеді»

Экскурсия соңында Аяна Абай музейге шетелдіктердің ерекше қызығушылық танытатынын айтты.

Шетелдіктер ауыздарын ашып кетеді. Қазақтың мәдениетіне қатты таңғалады, – дейді ол күліп.

Шынында да, музейді аралап шыққан адам қазақ мәдениетінің қаншалықты терең екенін басқаша сезінеді.

Бұл жер тек көне заттар қойылған орын емес. Бұл – қазақтың үні, тарихы, жады мен рухы сақталған кеңістік.