Компьютерлік ойындар жасау бойынша көрсетілген қызмет көлемі 11 есе өсті
2023 жылы Қазақстанда компьютерлік ойындарды жасау бойынша көрсетілген қызмет көлемі 21,2 млрд теңгеге жетті, бұл алдыңғы жылдың көрсеткіштерінен 11 есе артық (2022 жылы – 1,9 млрд теңге), деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, осы кезеңде елімізде ұсынылған IT-қызметтердің жалпы көлемі 1,3 трлн теңгені құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 46,3% артық (946,2 млрд теңге).
Барлық IT-қызметтердің басым бөлігі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге бағытталған – 383,9 млрд теңге.
Ақпараттық технологиялар және ақпараттық жүйелер саласындағы басқа да қызмет түрлері – 283,6 млрд теңге, ал қосымшаларды орналастыру және олармен байланысты қызмет көлемі 229 млрд теңгені құрады.
Өңірлік бөліністе it-қызметтердің негізгі үлесі, яғни 87,5% Алматы (718,6 млрд теңге) және Астана (493,7 млрд теңге) қалаларының компанияларына тиесілі.
Резидент еместерге көрсетілген IT-қызметтердің ішінде негізгі қызмет алушылар АҚШ (60,6 млрд теңге), Ресей (42,7 млрд теңге) және Ұлыбритания (34,4 млрд теңге) болды.
Айта кету керек, ойын жасау бойынша көрсетілген қызметтердің 74,7% шетелдіктерген көрсетілген, оның ішінде ең ірі тапсырыс беруші Ирландия (14,5 млрд теңгеге).