Дербес деректердің қауіпсіздігі: Қазақстанда бақылау күшейеді
Компаниялар дербес деректердің таралуы туралы азаматтарға хабарлауға міндеттеледі.
Қазақстанда дербес деректердің ірі операторларының тізілімі құрылады. Азаматтар туралы үлкен көлемдегі мәліметтермен жұмыс істейтін ұйымдар бұл туралы мемлекеттік органға хабарлауға міндетті болады. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дербес деректердің ірі операторларының тізілімі енгізіледі және олар мемлекеттік органға міндетті түрде хабарлауы тиіс. Бұл азаматтардың үлкен көлемдегі дербес деректерімен жұмыс істейтін ұйымдарға көбірек көңіл бөлуге, сондай-ақ қосымша ұйымдастырушылық және техникалық қорғау шараларын белгілеуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді ол.
Заңнамаға «дербес деректер идентификаторы» деген ұғым да енгізілді. Мұндай мәліметтерге адамның тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, бет-әлпетінің бейнесі және адамның бет-әлпетінің биометриялық векторы жатады.
Медициналық, коммерциялық, банктік, отбасылық және заңмен қорғалатын басқа да құпия ақпараттар сақталатын дерекқорларға қызметкерлердің қол жеткізуі үшін биометриялық аутентификация міндетті болады. Бұл құпия мәліметтерге бөгде тұлғалардың қол жеткізуін шектеуге бағытталған.
Сонымен қатар ұйымдар дербес деректердің таралып кеткені туралы тек мемлекетке ғана емес, азаматтардың өзіне де хабарлауға міндеттеледі.
648 жоспардан тыс тексеру жүргізілді
Вице-министрдің мәліметінше, 2024 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда киберқауіпсіздік талаптарын сақтау, дербес деректерді қорғау және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану мәселелері бойынша 648 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Заң бұзғандарға айыппұл санкциялары қолданылды.
Тексеру нәтижелері ұйымдастырушылық және техникалық сипаттағы бұзушылықтардың бар екенін көрсетті. Негізгі ұйымдастырушылық кемшіліктерге дербес деректерді өңдеуге келісім беру нысандарының болмауы, деректерді қорғау бойынша ішкі саясаттардың және антивирус, желілік экран сияқты ақпаратты қорғаудың базалық құралдарының жоқтығы жатады, – деді Досжан Мусалиев.
Ол кең таралған техникалық бұзушылықтардың қатарында көп факторлы аутентификацияның және криптографиялық қорғаудың болмауын, қауіпсіздік жаңартуларын уақытылы орнатпауды және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету орталықтарына қосылмауды атады.
Талаптар тек мемлекеттік органдар мен ірі компанияларға ғана емес, шағын және орта бизнеске де қатысты болады.
Бұған сұлулық салондары, білім беру орталықтары, жекеменшік медициналық және микрокаржылық ұйымдар, компьютерлік клубтар, фитнес-орталықтар, дүкендер, онлайн-платформалар, туристік компаниялар және басқа да ұйымдар кіреді. Олардың барлығы дербес деректерді жинайды және заң талаптарын сақтауға міндетті, – деп атап өтті вице-министр.
Жаңа заңдар аясында киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласында шамамен 30 заңға тәуелді акт қабылданды. Тағы 10-ға жуық құжатты қыркүйек айының соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда абонент құқығын қорғайтын жаңа цифрлық талаптар енгізілді.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстанда банктерден түсетін қоңыраулар телефон экранында арнайы белгіленеді