Түрік компаниясы Қазақстанда жеміс өңдеу кәсіпорнын салмақ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түрік инвесторлары Қазақстанда жеміс өндіру және өңдеу бойынша ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда.
Осы саланың әлеуетімен танысу мақсатында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ-мен бірлесіп шілденің бірінші онкүндігінде шетелдік инвесторлардың Қазақстанға сапарын ұйымдастырды. Сапар барысында жергілікті биліктің қолдауымен инвесторлар Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары бағбандарының жұмысымен танысты.
Инвесторлар атап өткендей, жоба 5 мың га жерге 8 млн-нан астам жеміс ағашын отырғызуды көздейді. Жобаны бес жыл ішінде бірнеше кезеңде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жыл сайынғы негізде 700 гектар алма, 100 гектар алмұрт, 100 гектар қышқыл және 100 гектар тәтті шие бақтарын дамыту көзделіп отыр. Олардың айтуынша, бұл тұйық цикл өндірісі болады.
Біздің компания ағаштан үстелге дейін жеміс өндіру мен қайта өңдеуге бағытталған. Ол үшін біз Қазақстанда шикізат базасын дамыту және жергілікті фермерлерді оқыту үшін заманауи агротехнологияларды пайдалана отырып, жеміс бақтарын отырғызудан бастап интеграцияланған үлгі жасағымыз келеді. Келесі кезеңде жаңа піскен жемістерді орайтын кәсіпорындарды, элиталық жеміс шырындарын, концентраттар мен пюрені, сондай-ақ, шірнелер, смузи, жеміс батончиктері мен кептірілген жемістерді өндіретін зауытты ұйымдастамыз. Сонымен қатар, биогаздан электр және тыңайтқыш өндіру зауытын салу және 20 мың мал басына арналған бордақылау алаңдарын салу мүмкіндігін қарастырамыз. Бұл жобаны біз Қазақстан Үкіметінің қолдауымен сенімді қазақстандық серіктеспен іске асыруға ниеттіміз, - деді компанияның бас директоры Осман Асланали.
Сапар барысында инвесторларды Түркияның ең үздік агрономдарының бірі Думаноглу Хатидже алып жүрді, ол топырақтың жарамдылығын тексерумен қатар жергілікті бағбандар үшін өндірілетін өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыру бойынша кеңес өткізді.
GÖKNUR GIDA - өз секторындағы ең ірі экспорттаушылардың бірі және АҚШ, Еуропа және басқа да елдердің нарықтарына шыға алады. Сондықтан Қазақстанда өндірілген өнімнің 70%-ын инвесторлар шетелде сатуды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, GÖKNUR GIDA өз қызметі аясында 2500 га алаңда алма, анар, алмұрт, өрік және шабдалы өсіреді. Компания Түркияда сегіз өндірісті, сондай-ақ, АҚШ, Еуропа, Иран және Ресейде жеміс сақтау қоймаларын иеленеді. Сонымен қатар, инвесторлар жемістер мен көкөністерді селекциялау саласында зерттеулер жүргізуде.Азық-түлік өнімдерін өндіру басым сала болып табылады, сондықтан бұл саланы мемлекеттік қолдаудың кең шаралары бар, соның ішінде салықтық және кедендік преференциялар, инвестициялық субсидиялар. Қазір сапар аясында инвесторлармен бірге жоғары өнімді бақтар өсіруге болатын аудандарды таныстырдық, әлеуетті қазақстандық серіктестермен таныстырдық. Жобаны құрылымдау, сондай-ақ, инвестор тарапынан айтылған басқа да мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін боламыз, - деді "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ жоба жетекшісі Мәди Қанафин.