Коммуналдық жұмыс кезінде апат: Қарағандыда екі жұмысшы қайтыс болды
Қарағандыда Шахтерлер даңғылында траншея опырылып, екі жұмысшы қаза тапты. Кәріз құбырын ауыстыру кезінде топырақ үйіндісі басып қалған. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарағанды қаласында коммуналдық желілерді ауыстыру жұмыстары кезінде қайғылы оқиға болды. «NS Система» ЖШС-нің екі жұмысшысы траншея опырылып құлаған кезде үйінді астында қалып, көз жұмды.
Оқиға Шахтерлер даңғылында кәріз құбырын ауыстыру барысында болған. Жұмысшылардың үстіне кенеттен топырақ үйіндісі құлап, олар шығып үлгермеген. Құтқарушылар ер адамдарды үйінді астынан алып шыққанымен, оларда тіршілік белгілері болмаған. Жедел жәрдем қызметкерлері жүрек соғысын қалпына келтіруге тырысқанымен, реанимациялық шаралар нәтиже бермеді.
Қарағанды қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ ақпарат агенттігіне болған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соғу») бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, марқұмдар траншея ішінде кәріз құбырын ауыстыру кезінде үйінді астында қалған. Оқиғаның нақты себебі анықталуда.
Оқиғаның үзіндісі түсірілген видео әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатыр.