Коммуналдық төлемді өтеу жөніндегі ережеге өзгеріс енгізілді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коммуналдық төлемді өтеу бойынша ережеге өзгерістер енгізілді. Енді адамдардың өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеке шоттары болған кезде коммуналдық қызметтер бойынша шығындар өтеледі. Бұл туралы Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму Басқарма басшысы Әсет Масабаев брифинг барысында айтты.


Оның айтуынша, коммуналдық төлем бойынша өтініштерді қабылдау барысында бірқатар мәселе туындаған. Әлеуметтік жағынан осал топқа жататын қала тұрғындарының көпшілігі жеке есеп шоттарын өзіне емес, отбасы мүшелерінің біріне ресімдегені анықталған. Осыған байланысты, өңірлер мен Алматы қаласы Ережеге дербес шот отбасы мүшелерінің біріне ресімделген кезде шығындардың өтелу мүмкіндігіне қатысты өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс жасаған. 
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған ұсыныстарды толық көлемде қолдады, яғни 10 мамырда өзгерістер енгізілді. Бұл ретте, Неке және отбасы туралы кодекстің 3-бабының 1) тармақшасында Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы: отбасы мүшелері: ерлі-зайыптылар, ата-аналар және балалары арасындағы құқықтар мен міндеттерді, мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарды белгілейтіні қарастырылған. Осылайша, Кодексте ата-анасы, ерлі-зайыптылар, олардың балалары отбасы мүшелері  болып танылған, осы орайда Ережеде коммуналдық қызметтертөлемдерінің өтелуі үшін мұқтаж адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелері өтініш беруге құқылы деп көрсетілді,-деді Әсет Масабаев. 
Сонымен қатар, ол қала тұрғындары үшінші тұлғалардан тұрғын үйді жалға алатын мұқтаждар санатындағы адамдардың шығындарын өтеу мәселесін көтергенін айтты. Алайда, тұрғын үйді жалға берудің ашық болмауына және нақты мәліметтердің болмауына байланысты бұл ұсыныс қолдау таппаған.

Бұған дейін қолданылып келген ережелерге сәйкес  1-ші, 2-ші, 3-ші топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары, ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын жалғыз басты зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға екі айға коммуналдық өтемақы жасалып келді.

Бұл санаттарға жататын адамдардың тізімін Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы әзірлеген. 10 мамырдағы жағдай бойынша Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы шығындардың өтелуіне құқығы бар адамдардың санын 62 мыңнан 119 мыңға дейін өзгертіпті. 
Бүгінгі таңда Энерготиімділік басқармасының байланыс орталығында 148 мың қоңырау тіркелді, оның ішінде 17 505 өтініш қана мақұлданды,-дейді Ә. Масабаев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы