Коммуналдық төлемдер автоматтандырылуда
Алматы, BAQ.KZ. Алматы су мекемесі тұтынушыларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында есептеуіш құралдарының көрсеткіштерін қабылдауды автоматты жүйеге ауыстыруда.
«Енді су мекемесінің тұтынушылары есептеуіш құралдардың көрсеткіштерін Whatsapp қосымшасы арқылы жібере алады. Ол үшін есептеуіш құралдың нөмірі мен көрсеткішін ұялы телефонға анық түсіріп алу қажет. Содан сон +7 747 3 777 444 нөміріне жолдайды. Жіберілген көрсеткіш автоматты түрде ақпараттар қорына енгізіледі. Сапасыз жасалған суреттер немесе қосымша жазылған ақпараттар қабылданбайды», - делінген хабарламада.
Сапарда жүретін, уақытын үнемдегісі келетін тұрғындар үшін кәсіпорын ұялы телефон арқылы төлем жасайтын жүйені де енгізіпті.
«Суға төлемді 5 түрлі тәсілмен жүзеге асыруға болады. Егер қосымша ақысыз төлегіңіз келсе, мекеменің кассасына немесе тұтынушыларға қызмет көрсету орталығында арнайы терминалға төлем жасау мүмкіндігі бар. Уақыт үнемдегіңіз келсе, ұялы телефонда kaspi бағдарламасында, 24 касса немесе поштадан төлем жасауға болады», - делінген таратылған хабарламада.
Сонымен бірге, мекеме айқындық, ашықтық мақсатында кәсіпорынның жеке сайтында әр тұтынушы өзінің дербес кабинетіне кіріп, төлемдерін тексере алады.
Мекеменің мәліметінше, қаңтардың бірінен бастап Алматы қаласында ауызсу тарифы 10 пайызға арзандаған. Әдетте 500 теңге төлейтін тұтынушылар енді шашамен 450 теңге жұмсайды.