Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық комитетінің отырысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейжіңде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Әлихан Смайылов пен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесі Төрағасының орынбасары Хан Чжэннің төрағалығымен Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық Комитетінің 9-шы отырысы өтті.
Отырыста сауда-экономикалық, энергетикалық, ғылыми-техникалық, қаржылық, көлік, мәдени-гуманитарлық, су және экологиялық, геологиялық және кедендік ынтымақтастық пен қауіпсіздік саласындағы 10 мамандандырылған кіші комитеттердің және екі бірлескен комиссияның жұмыс нәтижелері қаралды.
Жиын барысында екі елдің даму мақсаттары мен тұжырымдамалары ұқсас, тығыз байланыс пен үйлестіру бар, сондай-ақ түрлі салалардағы ынтымақтастықтың сапасы мен деңгейі күн санап жақсарып келе жатқаны айтылды.
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаларға бағытталған (2020-2025 жж.) Бірлескен даму жоспарын жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Қазақстан Республикасы мен ҚХР арасындағы өзара сауда-саттық аясын кеңейту мақсатында Қытайға қазақстандық экспорттық өнімдерді, оның ішінде энергетика мен ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу көлемін арттыру туралы келісім жасалды.
Отырыс қорытындысы бойынша Комитет төрағалары Хаттамаға қол қойды.
Тараптар Комитеттің 10-отырысын 2021 жылы Қазақстанда өткізуге келісті.
Айта кету керек, ҚР-ҚХР Ынтымақтастық Комитеті 2004 жылы түрлі салалардағы екіжақты қатынастарды жүйелі және жан-жақты дамыту мақсатында құрылды.