"Комиссия Елтаңбаның 293 жобасын қарастырды". Мәлібеков рәміздің жасалу тарихы туралы

Қазақстан елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков жас мемлекеттің рәміздерінің жасалу тарихы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында Қонаев гарнизонының инженерлік-саперлік бригадасында Қазақстан елтаңбасын жасаған Жандарбек Мәлібековтің қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Ту, Елтаңба, Әнұран – елдің жеке белгісінің және оның егемендігінің нышандары. Елтаңбада халықтың мұраттарын, оның арман-мүддесін және ұмтылысын бейнелеген тұлғамен кездесу әскери қызметшілер үшін айтулы оқиға болды.

Мемлекеттік әнұранды орындау кезінде ту ұстаушы топ Қазақстан Республикасының Туы мен Елтаңбасын шығарды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жандарбек Мәлібеков ел күнтізбесіндегі ерекше күнмен жеке құрамды құттықтады.

Ол жас мемлекеттің рәміздерінің жасалу тарихы туралы айтып берді. Тәуелсіздік таңында 1992 жылы Жоғарғы Кеңес Президиумы Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік рәміздерін дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру қаулысы шықты.

Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларының байқауы жарияланды. Оған көптеген талантты ақындар, композиторлар, суретшілер мен сәулетшілер қатысты. 1992 жылдың сәуір айының соңында мен де өз жұмысымды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кеңсесіне тапсырдым. Комиссияның қарауында Елтаңбаның 293 жобасы болды, – деді құрметті қонақ.

Халықтың талай ғасырлық құндылықтары бейнеленген мемлекеттік рәміздер әскери қызметшілерді күнделікті жауынгерлік кезекшілікте де және салтанатты сәттерде де рухтандырады.

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мұндай шара бір шаңырақ астындағы 20 миллионға жуық адамды біріктіретін ел үшін мақтаныш сезімін тудырған тамаша концертпен аяқталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы