Көмірқышқыл газын қайта өңдейтін кәсіпорын салу ұсынылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында көмірқышқыл газын қайта өңдейтін кәсіпорын салу ұсынылды. Қала әкімінің төрағылығымен өткен инвестициялық штаб отырысында «РЕТ» ЖШС-нің өкілі көмірқышқыл газын қайта өңдейтін зауыт жобасын ұсынды.
Жоба құны – 3,5 млн долларды құрайды. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жоба тәулігіне 40 тоннадан астам көмірқышқыл газын қайта өңдеуге қауқарлы.
Шымкент қаласында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру қажет екенін айтқан қала басшысы аталған жобаның іске асырылуына барынша қолдау көрсетуді тапсырды.
Жаңа өндіріс Шымкент қаласының экологиялық жағдайына оң әсерін тигізеді, сонымен бірге тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді.
Атмосфераға көмірқышқыл газының техногендік түсуінің негізгі көзі түтін газдары болып табылады. Түтін газдарын залалсыздандырудың бір әдісі - олардан көмірқышқыл газын алу. Көмірқышқыл газы тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.