Көмір шахталарының тағдыры. Мемлекет нені бақылауға алды
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов шахтерлермен кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басқосуда әр түрлі мәселелер, оның ішінде көмір шахталарының тағдыры, меншік иесі ауысқаннан кейін қызметкерлер алдындағы міндеттемелердің орындалуы талқыланады.
Барлық қауесеттер мен жалған ақпаратты жою үшін жинақталған сұрақтарға Ермек Алпысов, Вадим Басин, сондай-ақ шахта басшылары жауап береді.
Бірінші кезекте кеншілерді компаниядағы алдағы өзгерістерге байланысты еңбек шарттары мен еңбекақы, әлеуметтік кепілдіктер толғандыруда.
Ұжымдық шарттың барлық талаптары инвестор кім болатынына қарамастан сол күйі қалады. Оның тармақтары тек жақсарту, жетілдіру бағытында өзгеруі мүмкін. Қалай болғанда да, мұның бәрі кәсіподақтармен және еңбек ұжымдарымен талқыланады. Мемлекет үкімет пен мемлекеттік органдар атынан компанияда жұмыс істейтіндердің еңбек жағдайларының нашарлауына жол бермейді. Қауіпсіздік техникасы, уақтылы төлемдер – мұның бәрін мемлекет бақылайтын болады, - деді Вадим Басин
Кеншілерге компаниядағы ағымдағы жағдай туралы да айтылды. Өтпелі кезең еңбекақыға әсер етпейді, деп сендірді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Виктор Ғафиулов.
"АрселорМиттал Теміртау" меншік иесінің ауысуы қызметкерлер алдындағы міндеттемелерге әсер етпейтіні туралы осыған дейін де ең жоғары деңгейде мәлімделген болатын. Мемлекет басшысы қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің туыстарымен кездесуде компанияның проблемалық активтері бойынша инвестормен қарым-қатынас тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл ретте ерекше атап өтілгені – жұмыс шарттарында, төлемдерде, әлеуметтік кепілдіктерде ешқандай өзгерістер болмайды. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігін жақсарту міндетті шарт.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен "АрселорМиттал Теміртау" бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл мердігерлер мен жеткізушілер алдындағы міндеттемелерді толық орындауға қатысты.
Мердігерлер алдында, ұжымдық шартқа сәйкес әлеуметтік жауапкершілік – мұның бәрі қабылданған міндеттемелерге сәйкес орындалатын болады, – деп атап өтті Ермек Алпысов.
Осындай кездесулер компанияның барлық шахталарында өтеді.