Көмір Машкевичтің жеті атасынан қалған байлығы емес - Аманжол Әлтаев

Депутат Аманжол Әлтаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында өңірдегі көмір тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сұрақ қойған мәжілісмен көмір тапшылығы салдарынан фермерлер қанша шығынға ұшырады деп отыр.

Біз Менделеевтің кестесіндегі басқа элементтерді есептемегенде, мұнай мен көмірдің Отанымыз. Бірақ солай бола тұрса да, егін орып, шөп шабатын кезде жанармай жетіспейді. Қылышын сүйретіп қыс келген кезде көмір жетіспейді. Сондықтан осы жердің көміріне құнығып, елдің өміріне көңіл бөлмейтін байларға «әй» деп әділдікке шақыратын, «қой» деп қанағатқа шақыратын уақыт келді деп ойлаймын. Былтыр көмір жетіспей, фермерлеріміз қаншама шығынға ұшырады. Шұбаркөл көмір бассейні бір жылдың ішінде 11 млн тонна көмір өндіреді. Соның 5 пайызы ғана ауыл халқына жеткілікті болар еді. Бірақ өкінішке қарай, олай болмай отыр. Көмір Машкеевичтің жеті атасынан қалған байлығы емес. Көмір – ол Конституциямызда нақты жазылғандай, жер асты байлығының иесі халық, халықтың қазынасы. Осы көмірді тапшы қылудың себебі неде?, - деді Әлтаев.

Көмірдің экологиялық зардабын шегіп, бейнетін көріп отырған Ұлытау халқының қолы Шұбаркөлдің көміріне қолы жетпей отыр. Жаңаарқаның тентек баласы тасты қатты лақтырса, Шұбаркөлдің шахтасына жетеді. Көмір тасымалы алыс емес. Солай бола тұрса, көмірдің тоннасының бағасы 16 мыңнан 20 мыңға дейін жетеді.

Министрлік өкілдері! Осы көмір бағасын төмендетуге және көмірді халыққа жеткілікті қылуға қолдарыңыздан не келеді? Не жасай аласыздар? Қандай дәрмендеріңіз бар? – деді Аманжол Әлтаев.

Депутаттың Шұбаркөл көміріне қатысты сұрағына министрлікке қарасты Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев жауап берді.

Жалпы елімізде өндірілетін көмірдің көлемі толық қамтамасыз етуге жетеді. Бес айдың ішінде 45 млн тонна көмір өндіріліп отыр. Жылыжай иелерінің негізгі талабы – Шұбаркөл көмірін жеткізу. Біз бұл мәселені білеміз. Олармен бірнеше рет жиналыс өткізіп, ведомствоаралық комиссия отырысына шығардық. Шұбаркөл разрезі көмір беруден бас тартып отырған жоқ. Олар алдын ала келісімшарт жасасақ, дайынбыз деп отыр. Қазір жылыжайлармен сөйлесіп жатырмыз. Егер биыл қазан айына дейін шарт жасасып қойса, Шұбаркөлдің көмірімен 1 қаңтардан бастап толықтай қамтамасыз етуге дайын. Одан бөлек, сапасы жағынан Шұбаркөлмен бірдей бес разрездің барлық байланысын (жылыжай иелеріне – ред.) бердік. Бес кен орнының «Д» маркалы көмірін пайдалану үшін келісімшартқа тұрамыз. Ұлытаудағы баға (көмір – ред.) 17500 теңгеден басталады. Баға 10 пайызға артты. Оған дизель отыны мен «ҚТЖ»-ның тарифінің артуы себеп болды. Бұл мәселені реттеуге тырысамыз, - деді ведомство өкілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы