Көмір бағасы: Маусым басталғандағы қымбатшылық неден?
Халықты көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі баспасөз конференциясында ИИДМ Индустриялық даму комитеті әр аймаққа шамамен қанша көмір керегі алдын ала белгілі болатынын және соған қарай тапсырыс беріліп, көмірдің алдын ала сатып алынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олай болса, маусым басталғанда көмір бағасы неліктен өсетінін аталған комитет төрағасы Ілияс Оспанов журналистерге түсіндірді.
Аймақтық операторлармен жұмыс барысында біздің өкілетіміз көмірді жіберген кезден аяқталады. Біздің байқағанымыз, ажиотаж болып жатқан кезде аймақтық оператордың бағасы өзгермейді. Өкінішке қарай, кезекте тұратын жеке көмір тасушылар көмірді сол бағамен алып, жолда басқаларға басқа бағамен сата бастайды. Бұл жерде біз ештеңе істей алмаймыз. Бұл жеке көмір тасушының аумағы, біз оған араласа алмаймыз. Оның қызметі реттелмеген, - деді ол.
Ілияс Оспановтың айтуынша, мұны болдырмаудың жалғыз жолы – қысқа дайындықты жазда бастау.
БАҚ өкілдері кездесуде мұндай жағдайды болдырмау үшін аймақтық операторлардың көмірді өзі жеткізуіне мүмкіндік жасау арқылы аталған мәселені шешуді ұсынды. Осы орайда «KomirTau KZ» ЖШС директоры Самат Нұрмағанов өз тәжірибесімен бөлісті.
Өткен жылы осы мәселеге біз де жолықтық. Көліктер кезекте тұрды. Тіпті кезегін 2О мың теңгеге сатқандар да болды. Бұл жағдай ушыққан кезде көмір келгенде көліктерді қуа бастадым. Кезекте тұрған көліктер 1 тонна көмірді де ала алмады. Біз бұл мәселені әлеуметтік желідегі нақты парақшалар арқылы шештік. Телефон арқылы өтініштер қабылданып, біздің көлік 2-3 күнде көмірді тапсырыс берушіге ешқандай делдалсыз күн-түн демей жеткізіп отырды, - деді ол.