Көмектесуге қоларба кедергі емес
Елімізде су тасқыны болған кезде волонтерлар да бірден көмекке келді. Оның арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Олар елмен бірге бірлесіп, гуманитарлық көмек жинауға кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Гүлмира Батпақұл өзі арба да отырса да, су апатынан зардап шеккен өңір тұрғындарына көмектесу үшін қажетті заттарды жинап, көмектесіп жүр.
Мен қоларбада отырмын. Халқымызға осындай іс түскенде қол қусырып тұра алмаймыз. Қолымыздан не келеді соны істеп жатырмыз. «Арба» қоғамдық бірлестігінің мүшелері ақылдасып, кім қандай көмек бере алатынын біліп, мүгедектігі бар жандарға қажетті заттарын алып, үлестіріп бердік. Су апатынан зардап шеккен аймақтардағы тұрғындарға басқа да қажетті киім, азық-түліктерді қоғамдық бірлестікке алып келіп жатыр. Соның барлығын реттеп, арнайы қорапшаларға салып жатырмыз, - дейді Гүлмира Батпақұл.
Қоғамдық бірлестіктің мүшелері игі істі атқарып жатқандарын фото-видеоға түсіргенді ұнатпайды.
Біз осындай көмек бергенді фото-видеоға түсірмейміз. Менің жеке пікірім, ол ұят болады. Күшіміз бірлікте. Қазір бір-бірімізге көмек бермесек кім береді. Біз де қиын жағдайға түскенде қолдаушы көп болды, - дейді Гүлмира Батпақұл.