"Көмек сұрап жылап жатты": Астанада әйел ауруханада сәбиінен айырылды

Астанадағы №2 облыстық ауруханада жүкті әйел баласынан айырылды. Қоғамда резонанс тудырған бұл оқиға әлеуметтік желідегі жазбадан кейін белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Инцидент 2025 жылғы 25-27 шілде аралығында болған. Жүктілігі 7 апта 5 күн болған әйелдің жағдайы әлеуметтік желі қолданушысы Айсұлу Алпыспаеваның Instagram парақшасында жарияланғаннан кейін қоғам назарын аударды.

Алпыспаеваның айтуынша, қан кетіп, қатты ауырсынғанына қарамастан, әйел жатқан палатаға бір жарым сағат бойы ешқандай медицина қызметкері кірмеген. Айсұлудың сөзіне қарағанда, мейірбике дәрігердің нұсқауынсыз еш әрекет жасай алмайтынын айтып, көмектесуден бас тартқан.

Қыз бүгіліп жылап жатты. Мен мейірбикеге жалынып, дәрігерді шақыртуды талап еттім. Министрлікке, жедел жәрдемге, колл-орталыққа да қоңырау шалдым. Тек жедел желі жауап беріп, шағым түсіруді ұсынды. Дәрігер тек 1 сағат 45 минуттан кейін келді, – дейді куәгер.

Оның айтуынша, алғашқы тексерістен кейін де дәрігердің әрекеті енжар болған. Науқас тек екінші рет тексерілгеннен кейін ғана түсік болғаны айтылып, наркоз арқылы жатырды тазарту операциясы жасалған.

Куәгердің сөзінше, мейірбике бұл жағдайға салғырт қарағанын ашық мойындап: "Жұмыстан кетсем – кете салам" деп жауап берген.

Қазір қыздың жағдайы өте ауыр. Ол бұл оқиғаны жай қалдырғысы келмейді. Отбасы мүшелері де арыздануға дайын. Баланы қайтару мүмкін емес, бірақ болашақта осындай оқиғалар қайталанбауы үшін жауаптылар жауап беруге тиіс, – дейді Айсұлу Алпыспаева.

Министрлік не дейді?

Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, пациент Гумарова Д.Б. 2025 жылғы 25 шілдеде сағат 21:54-те №2 көпбейінді облыстық ауруханаға іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну және қан кету белгілерімен түскен.

26 шілдеде УДЗ арқылы жатырішілік жүктілік расталған. Алайда 27 шілдеде сағат 20:15-те өздігінен түсік тіркеліп, әйелге наркозбен жатыр қуысын тазалау операциясы жасалған. 28 шілдеде УДЗ нәтижесі бойынша "постаборттық жағдай" анықталып, Цефуроксим препаратымен антибиотиктік терапия басталған.

Бұл жағдай перинаталдық өлімге жатпайды, себебі эмбрион жүктіліктің 6 апта 5 күнінде шетінеген, – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, 28 шілдеде аурухана ішіндегі пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі тарапынан қызметтік тексеріс басталған. Министрлік мамандары пациентпен жеке кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы