11 Тамыз 2026, 05:46 Фото: pixabay

Колумбиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 111-ге жетті

Колумбия билігі төтенше жағдай жариялады.

Колумбияның батысында болған магнитудасы 7,4 жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 111 адамға жетті. Тағы 87 адам жарақат алған. Ел билігі төтенше жағдай жариялады.

Жер сілкінісі дүйсенбі күні елдің батыс бөлігінде тіркелген. Жерасты дүмпулерінен кемінде 61 ғимарат қирап, 1575 үй бүлінген. Қайтыс болғандардың басым бөлігі елдің батыс-орталық бөлігіндегі Рисаральда департаментінде тіркелді.

Кали қаласында жер сілкінісі кезінде аурухананың бір бөлігі қирап, бірнеше науқас үйінді астында қалған. Құтқарушылар іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жер сілкінісінің ошағы Колумбияның солтүстік-батысындағы Чоко департаментінің Сан-Хосе-дель-Пальмар елді мекені маңында орналасқан. Одан кейін магнитудасы 2,8 және 4,8 болатын екі афтершок тіркелген. Жер сілкінісі көршілес Венесуэланың кейбір аудандарында да сезілген.