20 Қазан 2026, 10:08 Фото: Report

Колумбиядағы кеніш апаты: 14 адам қаза тауып, жетеуі жарақат алды

Колумбияның оңтүстік-батысындағы заңсыз алтын кенішінде тау жыныстарының опырылуы салдарынан қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Тағы жеті адам жарақат алды.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, іздестіру-құтқару жұмыстарының аяқталғанын Нариньо департаментінің бейбітшілік және адам құқықтары жөніндегі хатшысы Алекс Гонсалес Caracol телеарнасының эфирінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, кеніш Санта-Барбара муниципалитетінің аумағында орналасқан. Онда алтын заңсыз түрде ашық әдіспен өндірілген.

Оқиға кеншілер жұмыс істеп жатқан кезде болған. Опырылған топырақ пен тау жыныстары алтын өндіріліп жатқан учаскедегі адамдарды басып қалған.

Бұған дейін тоғыз адамның қаза тапқаны хабарланған еді. Кейін Caracol телеарнасы құрбандар саны 12-ден 15 адамға дейін жетуі мүмкін екенін мәлімдеген.