Көлсай көлінде әмбебап құтқару бекеті ашылды
Нысан туристердің қауіпсіздігін күшейтіп, таулы аймақтағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру үшін ашылған.
Алматы облысында Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Төменгі Көлсай көлінде ашылған жаңа әмбебап құтқару бекетінің ашылу рәсіміне қатысты.
Құтқару бекетін орналастыру туралы шешім өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып қабылданған. Бұған дейін Төменгі Көлсай көлінде 1984 жылы сел тасқындарынан кейін ашылған гидробекет жұмыс істеген. Уақыт өте келе ғимарат пайдалану талаптары мен қызмет өткеру шарттарына сай келмейтін болған.
Ашылу барысында Шелек өзені алабы өңірдегі сел жүру қаупі жоғары аумақтардың бірі екені айтылды. Биік таулы аймақта мұздықтар, мореналық және бөгетті көлдер орналасқан. Осыған байланысты жаңа әмбебап құтқару бекеті байланыс құралдарымен, мониторинг жүргізуге арналған жабдықтармен, тәулік бойы кезекшілік атқаратын бөлмелермен және жедел әрекет ету техникасымен жабдықталған.
Нысанда құтқарушылар мен ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлері жұмыс істейді. Бекет «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағындағы жағдайды тұрақты бақылап, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Нысанның құрылысы демеушілер қаржысы есебінен жүргізілген. Іс-шара барысында ТЖМ басшысы кәсіпкерлердің үлесін ведомстволық медальдармен және алғыс хаттармен атап өтті.