Колониялардағы өлім 5%-ға төмендеді: Өзгеріске не әсер етті?
2025 жылы Қазақстан колонияларында өлім-жітім 5%-ға төмендеді. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігі мен тексерулердің артуымен байланысты.
2025 жылы Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталғандар арасындағы өлім-жітім 5%-ға төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлап, көрсеткіштің жақсаруын медициналық көмекке қолжетімділіктің артуымен байланыстырды. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Ведомствоның мәліметінше, профилактикалық тексерулер мен скринингтермен қамту деңгейі артқан. Соның нәтижесінде ауруларды анықтау көрсеткіші 28%-ға өсті. Әсіресе қан айналымы жүйесі аурулары мен қант диабетін қоса алғанда, созылмалы жұқпалы емес дерттерді анықтау айтарлықтай көбейген.
Қылмыстық-атқару жүйесінің 17 мекемесінде телемедицина жабдықтары енгізілді. Бұл қашықтан жүргізілетін консультациялар санын 5 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар стационарлық медициналық көмектің қолжетімділігі де кеңейді – тәулік бойы жұмыс істейтін және күндізгі стационарларға жатқызу саны көбейген.
Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функциялары Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне берілгеннен кейін инфрақұрылымды жаңғырту басталды.
Қазіргі таңда қылмыстық-атқару жүйесінің 78 мекемесінде медициналық қызмет көрсету жағдайы жақсарған. Оның ішінде 62 дәрігерлік амбулатория мен 16 медициналық пункт бар.
Ал 55 нысанда, яғни жалпы санның 70%-ында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Тағы оқи отырыңыздар:
Түрмедегі өмір: Перизат Қайраттың қандай жұмыс істеп жүргені белгілі болды
Дәулет Тұрлыхановтың ұлы бостандыққа шықты
“Қыз өзі кінәлі”, “Маған қатысы жоқ”: Зорлық құрбаны болған заңгермен сұхбат