Бүгiн 2026, 14:40 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Түрмедегі өмір: Перизат Қайраттың қандай жұмыс істеп жүргені белгілі болды

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталған азаматтың қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатқанын және қызметтік үй-жайларды күтіп ұстау жұмыстарына тартылғанын растады.

Алаяқтық жасағаны үшін сотталған Перизат Қайрат қазіргі уақытта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр және еңбекке тартылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сотталған азамат сот шешіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде ұсталады.

Сотталған азамат сот шешіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Ол мекемеде жұмысқа орналастырылған және қызметтік үй-жайларды тазалау жұмыстарын жүргізеді, – деп хабарлады ведомство.

Перизат Қайрат ісі: Қайырымдылыққа сенген халықтың ақшасы қайда кетті?

2025 жылы әлеуметтік желі мен жаңалықтарда ең көп талқыға түскен сот процестерінің тағы бірі – Астанада қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта болған Перизат Қайраттың ісі. Ол қайырымдылықпен айналысып, балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесемін деп елден қаржы жинаған. Нәтижесінде қайырымшыл көрініп, қаржыны жымқырғандығы анықталды. Оның артынан миллиардтаған ақша, люкс өмір, қымбат көліктер, элиталы пәтерлер шықты.

Перизат Қайрат кім?

Перизат Қайрат 1991 жылы Ақтөбе облысында туған. Өзін қоғам белсендісі, волонтер, қайырымдылық қорының басшысы ретінде танытып келген азаматша. Ол «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» деген атаумен қор ашып, пандемия кезінде, су тасқыны кезінде, Палестинадағы соғыс кезінде халықтың эмоциясын, сенімін өте шебер пайдаланған.

Білімі – 9-сынып, кейін колледжге түскен, бірақ диплом алмағаны ресми айтылды. Бұған дейін де 2012 жылы қылмыстық іске тартылып, бірақ тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтаған.

Қор қалай жұмыс істеген?

Сырттай қарағанда бәрі өте әдемі көрінген: әлеуметтік желідегі әсерлі видеолар, беделді адамдармен бірге суреттер, қайырымдылық кештері, аукциондар, ұрандар. Ол «Bizbirgemiz» қорын құрып, оны шынайы әлеуметтік бастамалармен байланысты етіп көрсеткен. Құрылтайшысы ретінде құжатта бірнеше адам көрсетілген. Қор пандемия кезінде белсенді жұмыс атқарып, кейін су тасқыны кезінде қорға ең көп қаражат жиналған.

Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайрат 10 жылға, ал анасы 7 жылға сотталды.

Бас прокуратураның мәліметінше, қайырымдылық желеуімен Перизат Қайрат пен анасы 3,5 млрд теңгені заңсыз иемденген.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат пен анасы 51 адамға 1,5 млрд теңге өтеуге міндеттелді.

Еске салайық, 2025 жылғы 24 қыркүйекте Перизат Қайрат пен оның анасының ісі сотта қайта қаралды.

Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға шыққан үкім апелляциялық сатыда қаралып жатқан сот отырысында сотталушы тараптың адвокаты Асланбек Дәулетияров бірінші сатыдағы үкімнің күшін жоюды, сонымен қатар тәркіленген зергерлік бұйымдар мен қымбат заттарды айғақ ретінде есепке алмауды сұрады.

Сот отырысында блогер Олжас Садық сотталушының адвокаты Асланбек Дәулетияровтың айтқан сөзін жоққа шығарып, Перизат Қайрат бренд заттарын Дубайда оның көзінше сатып алғанын алға тартты.

Тағы оқи отырыңыздар:

Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме және мерзімінен бұрын босатыла ма?