Колония басшысы жазасын өтеушіден пара алған сәтінде ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысының Жітіқара қаласындағы УК-161/3 төтенше қауіпсіздік мекемесінің басшысы 700 мың теңге парамен ұсталды.
Колония басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция өкілдері бірлесіп өткізген операция аясында қамауға алынған, деп хабарлады "Астана" телеарнасы. Ол жазасын өтеушіні "қанатының астына алуға" уәде еткен. Бұл "еңбегі" үшін 1 миллион теңге бопсалаған көрінеді. Сосын қомақты қаражаттың 700 мың теңгесін алу үстінде ұсталған.
700 мың теңгені сотталған адамға қамқорлық көрсету үшін талап еткен. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, - деді Қостанай облыстық ПД ӨҚБ бастығының орынбасары Абылай Ибрагимов.
Осы дерек бойынша, полиция Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 3-бөлімі бойынша іс қозғап, тергеуді бастады. Енді шендінің ірі көлемде пара алғаны дәлелденсе, 60 есе айыппұл төлейді немесе 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Еске сала кетсек, халық арасында "Қара бүркіт" аталып кеткен бұл түрмеде өмір бойына бас бостандығынан айрылғандар жазасын өтейді. Аса қауіпті қылмыскерлер арасында Арқанкергенде 15 кісіні атып тастаған Владислав Челах, 10 адамды опат қылған Руслан Күлекбаев та бар.