Коллекторлық қызмет туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатта коллекторлық қызмет туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина шараны аша келіп, "Коллекторлық қызмет туралы" заң күшіне енген күннен бастап 2 жылдан астам уақыт өткенін, бірқатар тәжірибе жинақталғанын және заңның құқықтық қолданылуына белгілі бір талдау жасау қажеттігін атап өтті.

Еліміздің Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков коллекторлық агенттіктердің қызметін реттеу, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары туралы хабардар етті.

Олег Смоляков қарыз шарттары бойынша берешекті өндіріп алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың әрекеттеріне азаматтардың көптеген шағымдары коллекторлық қызмет туралы заңды қабылдауға себеп болғанын еске салды. Мұндай компаниялардың қызметі Азаматтық кодекс ережелерінің негізінде жүзеге асты және олардың саны заң қабылданғанға дейін шамамен 900 компания болды.

Смоляковтың айтуынша, 2017 жылы қажеттілігі ескеріле отырып, коллекторлық агенттікті құру тәртібі, сондай-ақ коллекторлық қызметті жүзеге асыру ережелері реттелген коллекторлық қызмет туралы заң әзірленіп, қабылданған болатын. Оларға сәйкес коллекторлық агенттіктің борышкермен, оның өкілімен және үшінші тұлғалармен үй-жайларда аудио-және бейнетехника құралдарының көмегімен өзара іс-қимыл процесін міндетті түрде тіркей отырып өзара іс-қимыл жасау тәсілдері, саны, сондай-ақ уақытша шектері белгіленген.

Агенттіктерге қатысты ықпал ету шараларын қолдану құқығы бойынша коллекторлық агенттіктердің қызметін бақылау жөніндегі уәкілетті орган болып Ұлттық банк белгіленді.

Бүгінгі күні тізілімге 177 коллекторлық агенттік енгізілді, олардың 12-сі ерікті түрде тізілімнен шығарылды. Қазақстанда қазіргі кезде барлығы 165 коллекторлық агенттік жұмыс істейді.

"Биылғы қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, Ұлттық банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, Қазақстан коллекторлар одағы, сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің басшылары ағымдағы мәселелерді талқылады. Оның қорытындысы бойынша заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар топтамасы әзірленді", - деді Олег Смоляков.

Оның пікірінше, бұл шаралар Ұлттық банкке коллекторлық агенттіктердің қызметін толық көлемде бақылауды жүзеге асыруға, олардың қызметінің ашықтығын арттыруға, осылайша құқыққа қарсы ықтимал әрекеттерден азаматтарды қорғауға мүмкіндік береді.

"Қазақстан коллекторлар одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Юрий Ли Қазақстан коллекторлар одағының көзқарасы тұрғысынан коллекторлық қызмет туралы заңнаманы жетілдіру бойынша ойларымен бөлісті.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесі төрағасының орынбасары Жанар Әбдікәрімова өз сөзінде коллекторлар институтын дамыту мәселелеріне және оның Қазақстанның қаржы нарығына әсері егжей-тегжейлі тоқталды. Дөңгелек үстел отырысына әділет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ Бас прокуратураның өкілдері қатысты. 

Ольга Перепечина дөңгелек үстел отырысын қорытындылай келіп, депутаттар маңызды мәселелерді одан әрі талқылауға, оларды депутаттық сауалдар барысында да, коллекторлық қызмет туралы заңнаманы жетілдіру аясында да шешуге дайын екенін атап өтті.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы