12 Тамыз 2026, 13:29 Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Коллекторлардың алдында бірнеше берешегі бар қазақстандықтарға жеңілдік жасалады

Қарыз алушылар бірнеше кредитормен берешекті бір платформа арқылы бір мезгілде реттей алады.

Бірнеше банкке, микроқаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке бір уақытта қарызы бар қазақстандықтарға берешегін ортақ тәртіппен реттеуге мүмкіндік беретін жаңа тетік ұсынылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) осыған қатысты түзетулер әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қаулы жобасында бұл мүмкіндік екі немесе одан да көп кредитор алдында кепілсіз тұтынушылық кредиті не микрокредиті бойынша төлем мерзімін өткізіп алған азаматтарға берілетіні көрсетілген. Кредиторлар қатарына банктер, ломбардтардан басқа микроқаржы ұйымдары және қарыз бойынша талап ету құқығын сатып алған коллекторлық агенттіктер кіреді.

Жаңа тәртіптің басты ерекшелігі – қарыз мәселесін әр кредитормен бөлек шешудің қажеті болмайды. Ұжымдық реттеу барысында борышкердің барлық кредиторы келіссөзге қатар қатысады. Қазіргі кезде қарыз алушылар берешекті реттеу үшін әр қаржы ұйымына жеке жүгінеді.

Өтініш банк және микроқаржы омбудсмандарының қызметтері жанындағы ұжымдық реттеу платформасы арқылы қабылданады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап платформаның бұл міндеттері қаржы омбудсманына беріледі.

ҚНРДА ұсынған талаптарға сәйкес, қарыз алушы ұжымдық реттеу рәсіміне қатысу үшін бірнеше шартқа сай болуы қажет:

  • екі немесе одан да көп кредитор алдындағы қарыздың мерзімі 90 күнтізбелік күннен артық кешіктірілген болуы керек;
  • азамат соңғы 12 айда ұжымдық реттеу рәсімінен өтпеуге тиіс;
  • өтініш берілген сәтте қарыз алушыға қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімі жүріп жатпауы керек.

Сонымен бірге қарыз алушыға қатысты сот шешімінің болуы, нотариустың атқарушылық жазбасының жасалуы немесе атқарушылық іс жүргізудің басталуы жаңа рәсімді пайдалануға кедергі болмайды. Бірақ мұндай жағдайда борышкер атқарушылық әрекеттерге байланысты шығындар мен жеке сот орындаушысының қызмет ақысын өзі төлеуі қажет.

Агенттіктің мәліметінше, ұжымдық реттеу 2026 жылғы сәуірде бекітілген банк қарыздары мен микрокредиттердің талаптарын өзгерту тәртібі аясында жүзеге асырылады.

Құжат қабылданған жағдайда өзгерістер алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Ал қаржы омбудсманына байланысты бірқатар ереже 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.