Колледжге түсу жеңілдейді: Кім емтихансыз қабылданады?
Мәжілісте техникалық білім беру, жұмысшы мамандықтар және көші-қон мәселелеріне қатысты жаңа заң жобасы таныстырылды
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру және халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Сенат депутаты Амангелді Есбай құжаттың негізгі мақсаты техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, еңбек нарығын дамыту және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру екенін айтты.
Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарының рөліне ерекше мән бергенін еске салды.
Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл бастама еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға ықпал етті, – деді сенатор.
Оның айтуынша, қазіргі экономикаға тек диплом иелері емес, өндірісте жұмыс істей алатын білікті техникалық мамандар қажет.
Заң жобасы үш негізгі бағыттан тұрады.
Жастар мен колледждерге қатысты қандай өзгерістер бар?
Бірінші бағыт жастарды қолдау және білім беру саласына арналған.
Амангелді Есбайдың айтуынша, сұранысқа ие мамандықтар бойынша ауыл жастарын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына конкурссыз қабылдау тетігі енгізіледі.
Бұл өңірлерге қоныс аударатын жастардың сапалы кәсіптік білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар колледждердің инфрақұрылымын тиімді пайдалану ұсынылып отыр.
Колледждердің спорт залдары мен басқа да нысандарын жергілікті тұрғындарға қолжетімді ету қарастырылған. Ал түскен қаражат материалдық базаны нығайтуға жұмсалады, – деді депутат.
Заң жобасында дуальды оқыту жүйесін күшейту де көзделген.
Бұл ретте Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлі нақтыланып, бизнеске түлектерді жұмысқа орналастыруға көмектесу міндеті жүктеледі.
Көші-қон саласында не өзгереді?
Екінші бағыт көші-қон саласын реттеуге арналған.
Заң жобасына сәйкес, ерікті қоныс аудару тетігі енді Әлеуметтік кодекстен шығарылып, арнайы көші-қон заңымен реттеледі.
Депутаттың айтуынша, бұл көші-қон саясатын стратегиялық деңгейде қарастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бағдарламаға қатысатын азаматтар саны кеңейтіледі.
Бұдан бөлек, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметіне мемлекеттік бақылау енгізіледі.
Бұл отандық еңбек нарығын қорғауға және шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде қазақстандық мамандарға басымдық беруге мүмкіндік береді, – деді сенатор.
Цифрлық дағдылар банкі іске қосылады
Үшінші бағыт ұлттық біліктілік жүйесі мен цифрландыруға қатысты.
Заң жобасында кәсіподақтар мен әкімдіктерді ұлттық біліктілік жүйесіне қосу қарастырылған.
Сондай-ақ жергілікті органдарға азаматтардың кәсіби жарамдылығын жедел растауға арналған бір реттік ваучерлер беру өкілеттілігі ұсынылған.
Депутаттың айтуынша, қазақстандық мамандардың біліктілігін шетелде қосымша рәсімдеусіз тану тетіктері де енгізіледі.
Сонымен қатар Қазақстанда дағдылардың цифрлық банкі платформасы іске қосылады.
Бұл жүйе еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар туралы мәліметтерді электронды форматта бақылауға мүмкіндік береді.