Колледжге түсу үшін 4 құжат тапсыру жеткілікті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқу-ағарту министрлігі «желіге шолу» айдарында колледждерде тегін оқу мүмкіндігі туралы айтып берді.

Оқу-ағарту министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандар колледждерде тегін кәсіптік және техникалық білім алу мен құжат тапсыруға қатысы сұрақтарын қалдырыпты. Бұл сұрақтарға ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің Студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету және тәрбие жұмысы басқармасының басшысы Алтай Рахимберлин жауап берді. 

Оның айтуынша, биыл колледжге түсу үшін бар болғаны 4 құжат тапсыру жеткілікті. Ол үшін үйден шығудың да қажеті жоқ. Талапкерлер құжаттарын Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тапсыра алады. 

Колледждерге құжат қабылдау 25 маусымнан 20 тамызға дейін жалғасады. Ал нәтижесін 20-25 тамыз аралығында біле аласыздар, - деді Алтай Рахимберлин.

Биыл еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына рекордтық 128 мың грант бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 мың орынға артық. Мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі IT, инженерия, металлургия, құрылыс секілді техникалық мамандықтарға арналған. 

Тегін оқуға болатын мамандықтар тізімін әр аймақтағы білім басқармаларының сайтынан білуге болады. Сонымен қатар, биыл біз талапкерлерге 4 мамандық пен 4 колледжді таңдау мүмкіндігін беріп отырмыз. Сондықтан кәсіптік және техникалық білім алуға ниетті барлық талапкерлерді құжат тапсыруға шақырамын, - дейді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахимберлин. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы