Колледждерге педагог ретінде өндірістен мамандар тартылады
Бүгінде педагогтардың жалақысы 75 пайызға өсті деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылға дейін олардың жалақысы екі есеге артатыны белгілі. Ал колледж педагогтерінің мәртебесіне қарай қосымша ақылар енгізу енді қолға алынбақ.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында Техникалық және кәсіптік білім департаменті директоры Насымжан Оспанова айтты.
Колледж педагогтерінің мәртебесі шеңберінде алғаш рет қосымша ақылар енгізіледі. Бүгінгі күні педагогикалық шеберлігі үшін 6000-нан астам колледж педагогтерінің лауазымдық жалақыдан 30 пайыздан 50 пайызға дейін үстемақы алады. 200-ден астам колледж басшылары лауазымдық жалақыдан 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша ақы алады, - деді ол.
Сонымен қатар, департамент директоры 17 мың педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткенін, ротациялау тетігі, басшылар рейтингі енгізіліп, педагогтерді аттестациялау механизмі өзгерілгенін хабарлады.
Алдағы уақытта колледждерге педагог ретінде өндірістен мамандарды қосымша үстемақы төлей отырып тартатын боламыз. Келесі жылы 15 мың педагог біліктілік арттыру курстарынан және стажировкадан өтеді. Оның ішінде 5 мың педагог пәндік курстардан, - деді ол.
Айта кету керек, басқарушылық менеджментті арттыру мақсатында колледж басшыларын ротациялау жұмыстары күшейтілетін болады.