Колледждерге академиялық дербестік берілді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Білім басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жұманов ӨКҚ алаңында өткен брифингте Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша колледждерге академиялық дербестік берілгенін мәлімдеді.
Жұмановтың айтуынша, бұған дейін Білім және ғылым министрлігі әр түрлі біліктілік бойынша, орта есеппен 2 жылдан 4 жылға дейін оқу мерзімін реттеп, белгілеп келген.Бұл норма «Білім туралы» Заңнан алынып тасталған. Енді бұл өндірістік кәсіпорындармен келісілген нақты білім беру бағдарламаларына және жұмыс берушілерге қажетті оқу нәтижелеріне байланысты болмақ.
Бүгінгі таңда колледждер жұмыс берушілермен бірлесе отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқыту мерзімін дербес анықтайды, яғни мамандарды даярлау еңбек нарығының талаптарына сай болмақ. Сонымен бірге, білім беру бағдарламаларының Тізбесі жасалды. Білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету мақсатында бұл Тізбеге колледждер мен жұмыс берушілердің оқу-әдістемелік бірлестіктері арқылы сараптамадан өткен білім беру бағдарламалары ғана енгізілетін болады, - деді ол.
Мемлекет Басшысының білім беру бағдарламаларын өзектендіру мәселелері бойынша кәсіпкерлік қоғамдастықпен ынтымақтастық форматын қайта қарау жөніндегі тапсырмасы орындалып жатыр екен. Бұл формализмді азайту және нарықта сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында іске асып жатыр.
Әзірленіп жатқан білім беру бағдарламаларының өзектілігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін барлық мемлекеттік колледждерде Өндірістік кеңестер құрылды, сол арқылы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысатын жұмыс берушілердің пулы ұлғайтылды. Осы жылдың ақпан айында Алматы қаласының ірі кәсіпорындары оқу орындары, кәсіпорындар және Білім басқармасы арасында жасалған 3 жақты 26 меморандумдар негізінде 22 мемлекеттік колледжді қамқорлыққа алынды, - деді Жұманов.