Колледждерді сенімді басқаруға беру керек – Шәмшидинова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дуалды оқыту жүйесін кеңейтумен қатар сатып алу құқынсыз колледждерді сенімді басқаруға беруді де дамытқан жөн. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтып, колледждерді сенімді басқаруға беруді ұсынды.

Үкіметте баяндама жасаған министр сапалы білім дайындаудағы дуалды оқу жүйесінің маңыздылығын атап өтіп, елімізде бұл жүйе бойынша қамтылған оқушылардың үлесі 19,8% екенін айтты. 

«Сапалы маман дайындауды дуалды оқу жүйесінің рөлі зор екені белгілі. Ал бізде осы жүйе бойынша қамтылған оқушылардың үлесі 19,8%-ды ғана құрайды. Жұмыс берушілердің пікірінше, оның дамуына практиканы ұйымдастырудағы кәсіпорынның шығынының өтелмеуі, оқушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелері тежеп отыр. Осы мәселелерді шешуіміз керек. Дуалды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың шығындарын өтеуді ұсынамыз», - деді министр.

Сонымен қатар, Шәмшидинова кәсіпорындарды «Алтын сапа» сыйлығына кіргізуді ұсынды.

«Барлық студентке қауіпсіздік техникасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік курстарын ұйымдастырумен қатар, олардың өндіріс талаптарына сай сынақ тапсырып, кәсіпорындарда практикадан өтуге рұқсат алуын да қамтамасыз етуіміз қажет. Өнеркәсіпті ынталандырудың басқа жолдарын қарастыру да маңызды. Осы орайда, «Алтын сапа» шарасында дуалды оқыту жүйесін енгізген «үздік кәсіпорын», «үздік тәлімгер», «техникалық кадрларды дайындайтын үздік колледж» номинацияларын қарастыруды ұсынамыз», - деді ол.

Айтуынша, елдегі колледждер сенімді басқаруға берілгені жөн. Министрлік бұл орайда экономика мен еңбек нарығының талабына сай оқу мазмұнының практикамен тығыз байланыстылығын орта білім және арнайы пәндерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін икемді оқу бағдарламаларын қарастырады.

«Дуалды оқыту жүйесін кеңейтумен қатар сатып алу құқынсыз колледждерді сенімді басқаруға беруді де дамытқан жөн. Колледждердің ұйымдастыру-құқықтық нысаны, ескірген матералдық-техникалық базасы, қолданыстағы оқу бағдарламалары осы процесті тежеуі мүмкін. Сондықтан біздің министрлік экономика мен еңбек нарығының талабына сай оқу мазмұнының практикамен тығыз байланыстылығын орта білім және арнайы пәндерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін икемді оқу бағдарламаларын қарастыратын болады. Осы тұста айта кететін тағы бір мәселе бар. Біз жаңа технологиялардың өте жылдам пайда болып, өндіріске шапшаң енгізіліп отырғанының куәсіміз. Осындай жағдайда адамның маман ретінде қалыптасуына біліммен қатар, зерделеу, жинақтау, нәтижелі шешім қабылдай алу құзыреттілігінің де атқаратын рөлі зор. Олай болса, бала жастан олардың қалыптасуына жағдай жасауымыз керек. Мысалға, Арменияда балаларға арналған ІТ технологияларды меңгеруге бағытталған TUMO орталығы бар. Біздің бизнесмендеріміз де осындай бір жағынан қызықты, екінші жағынан пайдалы мектептен тыс мекемелер ашатын болса, білім саласына үлкен қолдау көрсетер еді», - деді Шәмшидинова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы