Колледждер үшін қазақ тілінде 100 оқу құралы жазылады
Елімізде 2025-3027 жылдары техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік тілде 100 оқу құралын жазу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл "Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жол картасынан" белгілі болды. Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Оқу құралдары жаңадан әзірленетін "Ұлттық портфель" ақпараттық жүйесіне енгізілмек. Бұл ақпараттық жүйе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған білім беру бағдарламаларын қамтиды.
Халықаралық серіктестікпен бірге әзірленген білім беру бағдарламаларын қамтитын "Ұлттық портфель" ақпараттық жүйесі іске қосылады. Колледждердің білім беру бағдарламаларын жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларымен үндеседі, – деп жазылған құжат жобасында.
Еске салайық, 2025 жылы Қазақстан колледждері төрт лигаға бөлінеді. Олар:
Көшбасшы колледждер;
Тірек колледждер;
Әлеуметтік колледждер;
Мақсатты колледждер.