Колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға өсті
Биылғы оқу жылында 190 мың жас колледж студенті атанды, оның 133 мыңы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кәсіпорындардың өтінімі бойынша 10 мың студент білім алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы 50 мың орынға ұлғайтылды. Техникалық және кәсіптік колледж студенттерінің 75 мыңы квота бойынша қабылданды.
Айта кету керек, мемлекеттік тапсырыс техникалық мамандықтарға қайта бағдарланды. Олардың қатарында геология, энергетика, металлургия, машина жасау, көлік, IT, құрылыс, педагогика және медицина сияқты салалар бар.
Колледж студенттерін ынталандыру мақсатында 2023 жылдың қыркүйегінен бастап стипендияны кезең-кезеңімен арттыру қарастырылған: 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 50%-ға өседі, 2024 жылы 100%-ға дейін жеткізіледі.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер әлеуметтік қолдаумен, оның ішінде стипендиямен, тамақтанумен және жолақымен қамтылған. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында колледж студенттері үшін 2,5 мың орындық 13 жаңа жатақхана ашылады.