Колледж студенттеріне бөлінетін қаржы екі есеге көбейеді

1 қыркүйектен бастап колледждерде жан басына шаққандағы қаржыландыру екі есе ұлғаяды, длеп хабарлайды BAQ.KZ.

Щучинск қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған Республикалық слет басталды. Еліміздің барлық өңірінен келген 100-ден астам белсенді әрі болашағынан зор үміт күттіретін жастар жұмысшы мамандықтарының келешегін талқылау, дағдыларын шыңдау және болашаққа шабыт алу үшін бас қосты. 

Іс-шараның ашылуына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысты.

Жыл басынан бері 8 мыңнан астам кәсіби бағдар беруші даярланып, білім беру ұйымдарында 352 бейінді сынып ашылды, 1300 оқушы жұмысшы мамандықтарының базалық дағдыларын меңгеріп үлгерді. Шефтік кәсіпорындардың саны 7 есеге артса, мекемелермен жасалған дуальды келісім саны 2 есеге өсті. 185 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, ал жатақханамен қамту деңгейі 96%-ға жетті.

1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі 437 мың теңгеден 912 мың теңгеге дейін, яғни екі есеге ұлғаяды.

Бүгінгі еңбек нарығында тек дипломның болуы жеткіліксіз — нақты кәсіби дағдылар басты рөл атқарады. Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа сапалық деңгейге қадам басуда. Біз Қытай, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және өзге де елдермен бірлесіп 10 халықаралық жобаны іске қосып отырмыз. Алғаш рет елімізде колледждерді халықаралық сертификаттау үдерісі басталды. Енді біздің студенттер өз құзыреттіліктерін әлемдік стандарттар бойынша растауға, шетелде тағылымдамадан өтуге, жұмысқа орналасуға және жаһандық еңбек нарығына шығуға мүмкіндік алады, - деді өз сөзінде Ғани Бейсембаев.

Слетке қатысушылардың арасында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Аяла Байболат бар. Ол мемлекеттік грантпен оқиды, ал колледжі интернационалдандыру жобасына алғашқы болып қосылған оқу орындарының бірі.

Президент Жұмысшы мамандықтар жылын жариялаған кезде, біз өз еңбегіміздің расында маңызды әрі қоғамға қажетті екенін терең сезіндік. Бүгінде колледж – бұл болашағы бар таңдау. Бізде заманауи шеберханалар пайда болып, халықаралық тағылымдамаларға жол ашылуда. Ең бастысы – шынайы мүмкіндіктер бар. Осындай сенім мен қолдау үшін зор алғысымды білдіремін!, – деді колледж студенті.

Слет 24 шілдеге дейін жалғасады. Үш күн ішінде қатысушыларды мотивациялық кездесулер, шеберлік сағаттары, интерактивті білім беру блоктары, командалық тапсырмалар мен мазмұнды мәдени және спорттық бағдарламалар күтеді. 

Айта кетейік, елімізде 772 колледж бар, онда 550 мыңнан астам студент білім алуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы