Колледж студенттері ерекше жылыжай салып шықты
Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы Сарқан ауданындағы политехникалық колледж студенттері ерекше жылыжай салды. Бұл туралы «Жетісу Медиа» ақпараттық алаңы хабарлады.
Нысан құрылыс заттарынан емес, қолда бар дүниелерден тұрғызылған. Жалпы аумағы 200 шаршы метр жылыжайдың құрылысына 100-ден аса ескі терезе мен 10-ға жуық жылытқыш батарея жұмсалған.
Білімгерлердің бастамасына оқу орнының директоры Маткаримов Нұрахмет қолдау көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Жылыжайда қияр, қызанақ, жасыл жуа, шалғам сияқты көкөніс түрлері өсіріледі.
Өткен жылы күз айында осы жылыжайды салуды бастадық. Әрине бастапқы кезде қиын болғаны рас. Іргесі қаланып, бой түзеген соң жұмыс қыза түсті. Аз уақытта толығымен аяқтап, табанды жұмыстың арқасында ақпан айында ең алғашқы өнімімізді алдық. Бүгінде студенттерді өз бақшамызда өскен көкөністермен қамтамасыз етіп отырғанымыз қуантады, - дейді 3 курс білімгері Үмбетов Мақсат.
Айта кету керек, жылыжай жыл он екі ай жұмыс істейтін болады.