Қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан ағайындылар ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қымбат автокөліктерді заңсыз айдап әкетумен айналысқан екі ағайындыны Шымкенттен ұстады, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Биыл тамыздың басында Сарыағаш АПБ-не РФ азаматы арызданып, Жібек жолы ауылының автотұрағынан оның "Toyota Land Cruiser 200" маркалы автокөлігін айдап кеткендігін хабарлады.
Зардап шеккен адамға келтірілген шығынның көлемі 3,5 млн Ресей рублін (20 млн теңгеден астам) құрады.
Аталмыш дерек бойынша Сарыағаш ПБ-не ҚР ҚК 188-бабы "Ұрлық"бойынша тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалды.
Қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция және тергеу бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу істің мән жайын анықтауға кірісті. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының барлығын тез арада атқарып шықты.
Оқиға орны мен бейнебақылау камералары мұқият тексеріліп, куәгерлерден жауап алынды.
Жедел түрде атқарылған шаралар нәтижесінде Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері автокөлікті айдап кеткен күдіктілердің ізіне түсті.
Кейіннен белгілі болғандай, олар Шымкент қаласында ұсталды. Ұсталған ағайынды екі азамат мегаполис тұрғындары екені белгілі.
Сондай-ақ, көп ұзамай Түркістан облысының жедел уәкілдері іздестіру іс-шараларын тиянақты жүргізу барысында, Қарағанды қаласынан ұрланған көліктерді сатып алған азаматты да ұстады.
"Қазіргі уақытта күдіктілер Түркістан облысына жеткізілді. Полиция қызметкерлері бұл қылмыстық топтың қымбат шетел маркалы көліктерін ұрлаудың басқа да жайттарына қатысы бар екендігін жоққа шығармайды. Ұсталған үш күдікті де қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген ведомство хабарламасында.