Бүгiн 2026, 09:32 Фото: gov.kz

Көлікпен шекарадан өту жеңілдейді: Министрлік жаңа ереже әзірледі

Жол қозғалысын ұйымдастыруда негізгі басымдық – көлік құралдарының қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету.

Қазақстанда жол бойындағы сервистік күту аймақтарының инфрақұрылымына қатысты жаңа талаптар әзірленіп жатыр. Бұл туралы Көлік министрлігінде қаралып жатқан құжатта көрсетілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа құжат күту аймақтарының орналасуынан бастап, олардың техникалық жабдықталуы мен жол қозғалысын ұйымдастыру тәртібіне дейінгі барлық негізгі параметрлерді нақтылауды көздейді.

Көлік ағыны кезең-кезеңімен реттеледі

Құжатқа сәйкес, күту аймақтарын жобалау кезінде бірқатар маңызды фактор ескеріледі. Атап айтқанда, олардың географиялық орналасуы, өткізу қабілеті, көлік ағындарының болжамды көлемі, сондай-ақ жер бедері мен климаттық жағдайлар назарға алынады.

Жол қозғалысын ұйымдастыруда негізгі басымдық – көлік құралдарының қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету.

Осыған байланысты барлық процесс бірнеше кезеңге бөлінеді:кіру,сәйкестендіру,күту,қызмет көрсету және шығу. Бұл тәсіл көлік ағынын тиімді басқаруға және кептелісті азайтуға мүмкіндік береді, - деп хабарлайды министрлік.

Үш негізгі аймақ қарастырылған

Сервистік күту аймақтары функционалдық тұрғыда үш бөлікке бөлінеді.

Тұрақ аймағы – жүк және жеңіл көліктер бөлек орналастырылады. Электрондық кезек жүйесі енгізіліп, жүргізушілер терминал немесе мобильді қосымша арқылы тіркеле алады. Тұрақтың сыйымдылығы кемінде 200 жүк көлігіне есептелуі тиіс.

Коммерциялық аймақ – жүргізушілер мен тасымалдаушыларға арналған түрлі қызметтер ұсынылады. Яғни, тамақтану, демалыс және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған нысандар орналасады.

Әкімшілік аймақ – операторлар мен қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың бөлімшелерін орналастыруға арналған.

Барлық жүйе цифрлық бақылауға өтеді

Жаңа талаптардың маңызды бөлігі – техникалық жабдықталу.

Сервистік аймақтар кіру-шығуды автоматты бақылау жүйелері, мемлекеттік нөмірлерді танитын жүйелер,көлік құралдарын есепке алу платформалары,мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция секілді жүйелермен қамтамасыз етілуі тиіс, - дейді министрлік.

Сонымен қатар қауіпсіздік талаптары да күшейтіледі. Атап айтқанда, барлық аумақта тұрақты бейнебақылау, мобильді байланыс және интернет қолжетімділігі болуы міндетті.

Транзит сапасын арттыруға бағытталған

Министрлікте әзірленіп жатқан бұл жаңашылдықтар сервистік күту аймақтарының жұмысын жүйелеуге бағытталған. Нәтижесінде көлік ағындарын басқару тиімділігі артып, жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасалады.