Көлікке күштеп отырғызбақ болды: Қырағы куәгер адам ұрлаудың алдын алды

Алматыда белгісіз ер адамдар өзін құқық қорғау қызметкері ретінде таныстырып, азаматты көлікке күштеп отырғызып әкетпек болған. Полиция «Ұстау» жоспарын енгізіп, күдіктілерді қысқа уақытта ұстады. Жәбірленуші құтқарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Түскен жедел ақпаратқа сәйкес, белгісіз тұлғалар бір азаматты күш қолданып, көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Оқиға бойынша ақпарат дереу тіркеліп, жедел басқару орталығы "Ұстау" жоспарын енгізді. 

Полиция экипаждарының үйлесімді және жедел әрекетінің нәтижесінде күдікті көлік қысқа уақыт ішінде анықталып, тоқтатылды. Көлік салонында жәбірленуші және оқиғаға қатысы бар бірнеше ер адам болған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, ойдан шығарылған себептермен азаматқа психологиялық қысым көрсетуге тырысқан. 

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Күдікті тұлғалар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Бұл – аса ауыр қылмыс. Куәгердің қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында заңсыз әрекеттердің жолы кесілді. Азаматтарды арандатушылыққа берілмеуге және күмән туындаған жағдайда "102" нөміріне дереу хабарласуға шақырамыз, – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: видеодан алынған кадр
Өзгелердің жаңалығы