«Көлік жолдан шығып кеткен»: Ақмола облысында зейнеткер із-түзсіз жоғалды
Зейнеткер ВАЗ-2107 көлігімен жолға шыққаннан кейін байланысқа шықпай қалған. Полицейлер бейнежазбалар арқылы оның бағытын анықтап, көлікті шұңқырдан тапты.
Ақмола облысында жеке көлігімен үйінен шығып, хабарсыз кеткен 86 жастағы зейнеткер табылды. Белгілі болғандай, оның мінген көлігі жолдан шығып, шұңқырға түсіп кеткен. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Сандықтау ауданына қарасты Шаңтөбе кентінің 86 жастағы тұрғыны жеке көлігімен жолға шыққаннан кейін жоғалып кеткен.
Жалғыз тұратын зейнеткер ВАЗ-2107 автокөлігімен өз бетінше жолға шыққан. Алайда қозғалыс кезінде көлік жолдан шығып, шұңқырға түсіп кеткен. Қарт кісі өздігінен сыртқа шыға алмаған әрі болған жағдайды жақындарына хабарлай алмаған, – деп мәлімдеді полиция.
Зейнеткер келесі күні туыстарымен байланысқа шықпаған соң, жақындары алаңдап, Сандықтау аудандық полиция бөліміне оның жоғалғаны туралы хабарлаған.
Іздеу жұмыстарына полицейлер мен зейнеткердің туыстары жұмылдырылды. Құқық қорғау қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, қарияның жүрген бағытын анықтап, іздестіру шараларын ұйымдастырған.
Сол күні көлік жол жиегіндегі шұңқырдан табылды. Оның салонында зейнеткер болған. Абырой болғанда, ер адам аман-есен табылып, туыстарына тапсырылды.