Көлік және авиация саласын дамытудағы жаңа қадамдар
Мемлекет басшысы 2025 жылы еліміздің теміржол желілерін дамытуға қатысты аяқталуы тиіс бірқатар жобаларды жеделдетуді тапсырды. Бұл жобалар ішкі тасымалдарды жақсартып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретіндігін айтты, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Халықаралық авиациялық хаб мәселесі
Көлік және логистика саласында ауқымды жобаларды жүзеге асыру арқылы халықаралық байланысын нығайтуға және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше маңызды бастаманы қолға алды.
Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа жолдар салу және азаматтық авиация саласын дамыту елдің көлік-транзиттік орталығы ретіндегі рөлін күшейтпек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырмалар берді. Бүгінде елімізде аталған бағытта ауқымды жобалар қолға алынған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанда халықаралық авиациялық хаб құру қажет. Ол бұл міндетті «шұғыл» деп атап өтті.
Біздің ірі әуежайларды халықаралық бәсекеге қабілетті хабтарға айналдыру үшін ең батыл шараларды қабылдау қажет, – деп атап өтті президент.
Ол жүк және жолаушылар терминалдарын, логистикалық орталықтарды және заманауи сервистерді қамтитын тұтас экожүйе құруды тапсырды.
Барлық жүк тасымалы рәсімдерін жеңілдетіп, авиаотынның қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бұл өте маңызды, өйткені біздің әуежайларда, әсіресе елорда әуежайында, авиакеросиннің бағасы тым жоғары. Бәсекелестікті қорғау агенттігі үкіметпен бірлесіп бұл мәселені жылдың бірінші жартысында шешуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Теміржол инфрақұрылымын дамыту: Президент тапсырмасы
Қазақстанның теміржол желілерін дамытуға қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы аяқталуы тиіс бірқатар жобаларды жеделдетуді тапсырды. Бұл жобалар ішкі тасымалдарды жақсартып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік бермек.
- “Достық – Мойынты” учаскесіндегі екінші жолдардың құрылысы: 2022 жылы құрылыс басталған 836 км құрайтын бұл жаңа теміржол желісі Қытай мен Қазақстан арасындағы тасымалдарды жеңілдетіп, елдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтеді. Құрылыс жұмысары 2025 жылдың төртінші тоқсанында аяқталып, өткізу қабілеті 5 есеге дейін артады деп жоспарлануда.
- “Мойынты – Қызылжар”: Президент тапсырмасына сәйкес, бұл жаңа теміржол желісін салу бастамасы қолға алынуда. Ол Қызылжардан Ақтау портына дейінгі магистральді қолдауға және жүктелген учаскелерді жаңғыртуға бағытталған.
- “Алтынкөл – Жетіген”: Учаскені кеңейту Орталық Азия мен Қытай арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады.
Мультимодальды көлік торабы: Теміржол мен әуе тасымалдарын біріктіру мақсатында жүк тасымалдарын оңтайландыратын хабтар құрылмақ. Ақтау порты арқылы астық тасымалы, сонымен қатар Қытайдан және Орталық Азиядан транзиттік жүктің өтуін жақсарту жоспарлануда.
Қазақстанның авиация саласы: ИКАО-мен ынтымақтастық
Қазақстанның азаматтық авиация саласын 2050 жылға дейін дамыту мақсатында ҚР Көлік министрлігі мен Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) арасындағы ынтымақтастық нығайтылды. Абу-Дабиде өткен ИКАО-ның Жаһандық қолдау жөніндегі симпозиумы аясында (GISS-2025) тараптар тиісті құжатқа қол қойды.
Бұл стратегиялық жоспар Қазақстанның авиациялық секторын жаңғыртуға, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қызмет сапасын арттыруға бағытталған. ИКАО-ның сарапшылары елдегі әуежайларды, аэронавигация жүйесін, әуекомпанияларды дамыту және авиацияны цифрландыру стратегиясын әзірлейді.
Еліміздегі авиация саласын дамытуға қатысты Мемлекет басшысы бірқатар авиациялық міндеттерді атап өткен еді. Бұл ретте аймақтық авиациялық хабқа айналу, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, әуе көлігінің қолжетімділігін арттыру және тарифтерді ырықтандыру, Астана әуежайын халықаралық жүк хабына айналдыру, авиаотын бағасын реттеу арқылы тасымал құнын төмендету қарастырылмақ. Аталған мәселелердің түйіні алғашқы жартыжылдықта тарқатылмақ.
Шұғыла Сұлтанмахмудова