Көлік вице-министрі үндеу жасады
Ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар жолдарда енгізілген шектеулерге орай Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев үндеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен, 16 ақпан күні таңғы сағат 7-дегі жағдай бойынша еліміздің 16 өңіріндегі автожолдардың 100 учаскесінде шектеу шаралары енгізілген болатын.
Ауа температурасының –350 С дейін төмендеуіне байланысты 80 учаскеде дизельді автокөлік құралдарының қатып қалуын болдырмау үшін тиісті шектеулер енгізілді. Сонымен бірге қалған 20 учаскеде шектеу шараларын енгізудің басты себебі – көршілес өңірлердегі ауа-райы, боран және қар көшкіні қаупі болды. Қолайсыз ауа райына байланысты қазақстандықтарды арнайы қызметтерден келетін хабарламаларға назар аударып, мұқият болуға шақырамыз, – деді вице-министр өз сөзінде.
Кешкі сағат 17:00-дегі жағдай бойынша республикалық жолдардағы 28 учаскеде шектеу шаралары сақталған. Жолдардағы жұмысқа 700-ге жуық техника мен 1500-ден астам жолшы тартылған. Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, жолшы мамандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Синоптиктердің болжамы бойынша жақын күндері температураның –35, –40С-ке дейін төмендеуі күтілуде. Республикалық маңызы бар жолдарда енгізілген шектеулер сақталатын болады, – деді көлік вице-министрі.