Көлік-транзит бағытында жаңа көзқарас керек - Тоқаев

Бұл туралы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алдағы екіжылдықта Қазақстанның төрағалығы алдына елеулі міндеттер қойып, ұйымға мүше мемлекеттердің тығыз ынтымақтастығы мен қолдауына сенеді. Біріншіден, экономикалық өлшем. Мен АӨСШК тұрақты өзара байланыс жөніндегі кеңесін құру туралы шешімді дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Жаһандық жеткізу тізбегіндегі үзілістер бізді тиімді транзиттік және көлік дәліздерін құруға жаңа көзқараспен қарауға мәжбүр етеді. Жүктерді тасымалдаудың ыңғайлы және қолжетімді жолдары біздің экономикаларымыздың тұрақты өсуінің маңызды факторы. Байланыс пен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағыттарын дамыту арқылы транзиттік-көліктік әлеуетті іске асыруға назар аудару маңызды, - деді Қазақстан Президенті.

Самитте Тоқаев осы бағыттағы екінші ұстанымын айтты. АӨСШК Қаржы саммитін тұрақты алаңға айналдыруды ұсынды.

Қаржы саммиті Қытай Халық Республикасының бастамасымен АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы ынтымақтастығын жандандыру мақсатында өтті. Қаржы саммитінің трансформациясы экономиканы қалпына келтіруге, тұрақты және инклюзивті дамуға, Кеңес аясында өңірлік және субөңірлік қаржылық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді. АӨСШК кеңістігінде Шанхайда, Дубайда және осында Астанада ірі қаржы орталықтары табысты жұмыс істеуде. Белгіленген міндеттерді шешу үшін олардың әлеуетін толық пайдалануға болады, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы