10 Тамыз 2026, 16:03 Фото: istockphoto.com

Көлік саласына $35 млрд: Шетелдік БАҚ Қазақстанның логистикалық әлеуетін қалай бағалайды?

Соңғы жеті жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына шамамен 35 млрд доллар инвестиция салды. MSN басылымында жарияланған материалда Орта дәлізді дамытуға, еліміздегі теміржол мен автомобиль жолдарына, авиация мен порттарға назар аударылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Материалдың жариялануына Бейнеу – Сексеуіл автомобиль жолының құрылысы басталғаны да себеп болған. Басылымда атап өтілгендей, жоба Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға арналған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін жаңа тасжолды Қытай мен Еуропа арасындағы «алтын көпір» деп атаған. Ол шекарадағы өткізу бекеттерін Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарымен тікелей байланыстыруға тиіс. Жоба аяқталғаннан кейін жүк тасымалының қашықтығы шамамен 1 мың шақырымға, ал жеткізу мерзімі үш күнге дейін қысқарады, – деп жазады шетелдік әріптестер.

MSN мәліметінше, соңғы жеті жылда Қазақстан теміржол мен автомобиль жолдарын, порттарды, әуежайларды және цифрлық логистика жүйелерін дамытуға шамамен 35 млрд доллар бағыттаған.

Осы кезеңде Орта дәліз арқылы жүк тасымалының көлемі бес есе өсіп, 2025 жылы 4,5 млн тоннадан асты. Контейнерлік тасымал көлемі шамамен 77 мың жиырма футтық контейнер эквивалентіне (TEU) жетті. Қазақстан мен өңірдегі серіктестері 2029 жылға қарай жылдық өткізу қабілетін 300 мың TEU-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Жолдар мен цифрландыру

Басылымда теміржол инфрақұрылымын дамытуға жеке тоқталған.

Құны шамамен 1 млрд доллар болатын Достық – Мойынты учаскесіндегі 836 шақырымдық екінші жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін өткізу қабілеті тәулігіне 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін артты. Жүк пойыздарының орташа жылдамдығы тәулігіне 800 шақырымнан 1 500 шақырымға дейін өсті.

Ұзындығы 75 шақырым болатын Алматыны айналып өтетін теміржол құрылысына шамамен 300 млн доллар тартылған. Бұл жоба теміржол торабына түсетін жүктемені азайтып, транзит уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Ұзындығы 300 шақырым болатын Аягөз – Бақты теміржол желісінің құрылысы да жалғасып жатыр. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін ашуға тиіс.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ портында инфрақұрылымды кеңейтіп, жұмыстарды автоматтандырғаннан кейін жылдық өткізу қабілеті 372 мың TEU-ға жетті.

Сонымен қатар Қазақстан логистика саласында цифрлық шешімдерді дамытып жатыр. Материалда Президенттің елімізде «халықаралық жүк тасымалының бірыңғай цифрлық экожүйесін» құру туралы сөзі келтірілген.

Басылымдағы мәліметке сәйкес, интеграцияланған кеден жүйелері мен «бір терезе» қағидатын енгізу шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік берген. Достық станциясынан Грузияның Қара теңіздегі порттарына дейін контейнерлерді жеткізу 11-13 күнге созылуы мүмкін.

Қазақстан арқылы өтетін транзит уақытын бес күнге дейін қысқарту көзделіп отыр

Автожол саласында ұзындығы 2 787 шақырым болатын Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің Қазақстан аумағындағы бөлігін жаңғырту жалғасып жатыр.

Сондай-ақ құны 1,529 млрд доллар болатын TRACE бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Дүниежүзілік банк пен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі 650 млн доллардан бөледі, ал Қазақстанның үлесі шамамен 228,8 млн долларды құрайды.

Жоба 498 шақырым жолды қайта жаңғыртуды, оларды екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтуді және I санат талаптарына сәйкестендіруді көздейді.

Жол инфрақұрылымын дамыту Қазақстан арқылы жүк транзитінің уақытын 11 күннен шамамен бес күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Материалда келтірілген Дүниежүзілік банк дерегіне сәйкес, 1 600 шақырымнан астам жолды жаңғырту кейбір учаскелердегі жол жүру уақытын шамамен 67%-ға қысқартуға, орташа қозғалыс жылдамдығын сағатына 25 шақырымнан 80 шақырымға дейін арттыруға және жол пайдаланушыларының шығындарын 35%-ға азайтуға мүмкіндік берген.

Авиацияда қандай өзгерістер бар?

Материалдың жеке бір бөлігі авиацияны дамытуға арналған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әуежайлары 15,4 млн жолаушы тасымалдады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,8%-ға көп. Әуежайлар жалпы алғанда 32 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетіп, 173,3 мың тонна жүк өңдеген.

Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы оның өткізу қабілетін жылына 14 млн жолаушыға дейін арттырды.

Астана әуежайының инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде елорда әуежайының өткізу қабілеті жылына 12 млн жолаушыға жетеді деп күтіледі.

Басылымда өңірлік әуежайларды дамыту және «ашық аспан» саясатын кеңейту туралы да айтылған.

Cargolux Airlines International және Pacific Cargo жүк тасымалдаушы әуе компаниялары Астана арқылы рейстер ашты. Қазақстанда қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқан халықаралық тасымалдаушылар қатарында Turkish Airlines, MNG Airlines, China Southern Airlines, Hong Kong Air Cargo, Saudi Arabian Airlines, Air Atlanta, Silk Way West Airlines және Aerotrans компаниялары да аталған.

2026 жылы Қазақстанның халықаралық бағыттар желісі 30 елдегі 135 бағытқа дейін артады деп күтіліп отыр. 2024 жылы олардың саны 115 болған.

Ақтау және Құрық

MSN Қазақстанның Каспий теңізіндегі порттарын дамытуға да назар аударған.

2025 жылы Ақтау портында жаңа контейнерлік хабтың құрылысы аяқталды. Құрық портында теңіз түбін тереңдету жұмыстары аяқталып, №1 айлақтағы көтерме-өтпелі көпір жаңғыртылды.

Бұл инфрақұрылымды дамытуға Еуропалық қайта құру және даму банкі ондаған миллион еуро инвестиция салған.

Қазақстанның Каспий теңізіндегі порттарының жалпы өткізу қабілеті жылына 21,6 млн тоннадан астам жүкті құрайды. Контейнерлік жүктерді өңдеу мүмкіндігі үш есе, ал жалпы өткізу қабілеті 50%-ға артады деп күтіліп отыр.

Басылымда Қазақстан порттарын дамыту Әзербайжан мен Грузияның Баку портын жаңғырту және Баку – Тбилиси – Карс теміржолын кеңейту жоспарларымен бірге қарастырылған.

Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы тасымалдың шамамен 83%-ын қамтамасыз етеді

Аталған жобалардың барлығы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасымен байланысты.

Құжатта цифрлық технологияларды пайдалана отырып мультимодальды көлік жүйесін дамыту, негізгі дәліздер бойында логистикалық орталықтар құру және өңірлік ынтымақтастықты кеңейту көзделген.

Материалда келтірілген ЭЫДҰ дерегіне сәйкес, Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының шамамен 83%-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Материал авторлары Қазақстанның көлік-логистикалық саладағы позициясының одан әрі нығаюын инфрақұрылымға салынатын инвестициялармен, цифрландырумен және халықаралық ынтымақтастықпен байланыстырады.