"Көлік қарсы жолаққа шығып кетіп бара жатты": Бурабайда екі полицей үш адамды өлімнен құтқарып қалды

Бурабай курорттық аймағында патрульдік полицейлер ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алып, жүргізуші мен оның екі жолаушысының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға Щучинск – Бурабай тасжолында болған. Бурабай аудандық патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Бауыржан Ғалымов пен Аян Қаңғожин кезекшілік кезінде жолда қозғалысы күмән тудырған көлікті байқайды: автокөлік бірде жылдамдығын баяулатып, бірде қарсы жолаққа шығып кетіп, кейін бордюрге соғылған. Дыбыстық және жарық дабылдарына қарамастан, жүргізуші ешқандай әрекет етпеген соң, полицейлер дереу қимылдап, көлікті орап өтіп, қарсы бағыттағы қозғалысты тоқтатып, машинаны қауіпсіз тоқтатуға қол жеткізеді.

Көліктің ішінде 60 жастағы ер адам мен екі кәмелетке толмаған жолаушы болған. Кейін белгілі болғандай, жүргізушінің жағдайы кенеттен нашарлап, басы айналып, өзін жайсыз сезінген. Патруль қызметкерлері дереу жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер келгенге дейін алғашқы көмек көрсетеді.

Жүргізуші ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер оның инсульт алдындағы жағдайда болғанын анықтады. Медиктердің айтуынша, полиция қызметкерлерінің дер кезінде жасаған әрекеттері ауыр зардаптардың алдын алған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы