Көлік полицейлері 10 кг болатын есірткімен Түркістан облысының тұрғындарын ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көлік полициясының қызметкерлері Түрксіб станциясының күзетілетін өткелінде ВАЗ-2106 автокөлігін тоқтатып, оның жүксалғышынан екі қап қарасора есірткі затын тәркіледі. 

Есірткіні заңсыз тасымалдағаны үшін Түркістан облысының екі тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

 Автокөлік жүргізушісінің айтуынша, ұсталғандар оны “inDriver” қосымшасы арқылы такси жүргізушісі ретінде Луговой ауылына дейін алып бару үшін жалдаған. Сараптама нәтижесі бойынша тәркіленген зат жалпы салмағы 10,5 келі болатын кептірілмеген марихуана есірткі заты екені анықталды. 

Күдіктілер Жамбыл облысының уақытша устау изоляторына қамалды. Осы фактіге байланысты ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау). 

Жаза үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Егер есірткіні сақтау және тасымалдау, өткізу мақсатындағы факті тергеумен дәлелденсе, онда мүлкі тәркіленіп, жаза он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайтын болады. 

Ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап “Қарасора” арнайы операциясы кезінде полиция қызметкерлері теміржол көлігінде 44 есірткі қылмысын анықтады. Олардың ішінде аса ірі мөлшерде есірткі өткізудің үш фактісі, контрабанданың бір фактісі және аса ірі мөлшерде есірткі сақтаудың екі фактісі бар, – деді Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Жалмағамбет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы