Көлік полицейлері пойыздан 90-нан астам азаматты түсіріп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың қаңтар айының басынан бері көлік полицейлері жолаушылар пойыздарынан 90-нан аса азаматты түсіріп алды, деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Арал стансасындағы Желілік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне «Ақтөбе-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызы келген кезде аталған пойыз бастығының актісі бойынша құқық бұзушы түсірілді, - деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.

Тексеру барысында көлік полицейлері қоғамдық орынға масаң күйде келіп, тәртіп бұзған Түркістан облысының 1982 жылы туған тұрғынын анықтады.

Қобыландиннің айтуынша, дәл осындай жағдай Ақмола облысының Жақсы стансасында да болған. Бұл жолы тәртіп сақшылары «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызында алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан, осылайша, қоғамдық тәртіп пен жолаушылардың тыныштығын бұзған 39 жастағы ер адамды пойыздан түсіріп алды.


Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес құқық бұзушылардың «орташа» дәрежедегі масаң күйде болғандығы анықталды.

Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы, яғни алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу және ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы, яғни ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, оларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтар айының басынан бері еліміздің көлік полицейлері жолаушылар пойызынан 93 адам, оның ішінде алкогольді ішімдік ішкені үшін 73 адам және ұсақ бұзақылық үшін 25 адам түсірілген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы