Көлік пен логистиканы дамыту мәселесі аманаттықтардың басты назарында

«AMANAT» партиясы жанындағы Көлік және логистика комитетінің отырысында еліміздің транзиттік қуатын арттыру және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылуы мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырысты аша отырып, Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Самат Ақышев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы реформалар бағытының сабақтастығын айқындайтынына назар аударды. Ал оны іске асыру – елдегі жеке бизнестің дамуына тың серпін береді.

Жолдауда көлік мәселесіне қатысты айтылған тапсырмалар қоғам мен жеке бизнесті тарта отырып орындалуы тиіс. Сол арқылы бизнес өз дамуын жоспарлай алады. Салаға инвестиция құяды және ортақ жауапкершілікті арқалайды. Мемлекет басшысы айтқандай: «Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек, – деп атап өтті С.Ақышев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов Комитет мүшелеріне Қазақстанның транзиттік қуатын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Ол Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерді әртараптандыруға жағдай туғызатынын атап өтті.

Алдымызда осы бағыттың өткізу қабілетін 2025 жылға қарай 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін арттыру міндеті тұр. Атап айтқанда, Ақтау портында әлемдік логистикалық компанияларды тарта отырып, «контейнерлік хаб» салу жоспарлануда. Сондай-ақ, Каспий теңізіндегі паром флотының тапшылығына байланысты, 10 бірлік өз паромымыздың құрылысын бастау жоспарлануда. Бұған қоса, жылжымалы теміржол составын жаңарту мақсатында 2025 жылға дейін 1500 жартылай вагон, 3500 вагон платформа және 310 локомотив сатып алу жоспарланып отыр, – деді вице-министр.

Өз кезегінде, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов Еуропа мен Азия елдерінің тұрақты сауда көлемі, теңіз тасымалының тұрақсыздығы мен жоғары құны Қазақстанның көлік дәліздерінің қуатын едәуір арттыратынын атап өтті.

Кейінгі 5 жылда транзиттің жыл сайынғы өсімі орта есеппен 31%-ды құрады. Былтыр рекорд орнады. Яғни, транзит 1 млн ЖФЭ-ден (контейнерлерден) асты. Бұл нәтижеге Үкімет пен ҚТЖ-ның жоспарлы жұмысы арқылы қол жеткізілді. Транзиттік тасымалдардан түсетін кіріс реттелетін қатынастардағы шығындарды жабуды, жолаушылар тасымалын субсидиялауды, тарифтердің өсуін тежеуді қамтамасыз етеді, – деді ол.

Бұл ретте, Самат Ақышев, т/ж тасымалдары нарығындағы негізгі ойыншы мәртебесіне қарамастан, саланың бәсекеге қабілетін арттыру үшін «Қазақстан темір жолы» көлік және логистикалық қызметтер саласына жеке компанияларды кеңінен тартуға ықпал етуі тиіс деп есептейді.

ҚТЖ бір ыңғайлы механизмді пысықтауы қажет. Бұл механизм ҚТЖ-ға ауыртпашылық түсіретін міндеттерді орындауға бизнесті ынталандыру тиіс. Ашық және әділ ойын ережелерін қалыптастыру керек. Түптеп келгенде, жүк тасымалы тарифінің әр адамға қатысы бар, – деді Комитет төрағасы.

Отырыс қорытындысы бойынша, Кеңес бейінді орталық атқарушы орган мен «ҚТЖ»-ға арналған бірқатар нақты ұсынымдар қабылдады. Атап айтқанда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп, бизнесті қорғау және жеке секторды қолдау жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы