Бүгiн 2026, 10:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Жалғасбек Тоқтамысов

Көлік министрі: Өңір жолдарының жұмыстары 5 есе артады

Жұмыс нәтижесінде 32 мың км өңір жолдарының нормативтік деңгейін 95 пайызға дейін көтеру жоспарланған.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында өңір жолдарына қатысты 3 жылдық жоспарды айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Келе жатқан үш жылдың ішінде жергілікті органдармен бірге өңірлік жолдардың жұмыстары 5 есе артады. Жұмыс нәтижесінде 32 мың км өңір жолдарының нормативтік деңгейін 95 пайызға дейін көтереміз, - деді министр.

Оның айтуынша, бұл жұмыстарды атқару үшін ведомстволық нормативтерге тиісті өзгерістер қабылданды.

Қазіргі уақытта стандарттарға өзгерістер енгізу жұмысы аяқталып жатыр. Жергілікті органдар жұмыстарына кірісіп жатыр, - деді Сауранбаев.

Сондай-ақ министр республикалық маңызы бар жолдарда нормативтік жағдай шамамен бір деңгейде сақталғанын, ал жергілікті жолдар бойынша батыс өңірінде жолдардың нормативтік деңгейі төмен екенін айтты.

Қазақстанда 95 мың км автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 25 мың км республикалық жолдар. Бұл жолдар Көлік министрлігіне қарайды. Нормативтік жағдайы 94% құрайды. Ал 70 мың км облыстық және аудандық жолдар жергілікті органдарға қарайды. Оның нормативтік жағдайы – 91%, - деді ол.