Көлік министрі Маңғыстау облысындағы теңіз порттарын тексерді

Көлік министрі Марат Қарабаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Каспийдегі ірі көлік инфрақұрылымының әлеуетін бағамдады, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.

Министр Ақтау, Құрық, Баутино теңіз порттары мен Саржа, Ертай,Северный теңіз терминалдарының жұмысын тексерді.

Теңіз инфрақұрылымын дамыту аясында қосымша контейнерлік терминалдар салу, қайта тиеу техникасын жаңарту, логистиканы дамыту, кедендік және әкімшілік рәсімдерді оңайлату, сондай-ақ ТХКБ және Солтүстік-Оңтүстік дәліздерін цифрландыру жұмыстары атқарылуда. Жалпы, осы жұмысты іске асыру қорытындысы бойынша 2030 жылға қарай қазақстандық порттардың өткізу қабілетін ағымдағы 21 млн тоннадан 30 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Аталған жұмыстар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту шеңберінде қабылданатын кешенді шаралардың бір бөлігі болып табылады және осы маршрутта жүктерді тасымалдау бойынша өсіп келе жатқан қажеттіліктерге қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мәселен, Құрық порты акваториясының түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар порт түбін бір жарым-екі метрге тереңдетеді.Жұмыстарға ірі еуропалық Jan De Nul компаниясының арнайы техникасы жұмылдырылды. Дәл осындай жұмыстар Ақтау портында да жүргізіледі.

Жұмыс сапары барысында министр Баутино теңіз портының акваториясындағы кемелер қозғалысын басқару жүйесінің жұмысымен де танысты. Бұл жүйе навигациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және теңізде авариялық жағдайлардың туындау қаупін алдын алады. Жүйе биылғы жылдың тамыз айында Құрық теңіз портының акваториясында іске қосылды. Ал келесі 2025 жылы Ақтау портында да дәл осындай жүйе іске қосылады деп жоспарлануда.

Бұл шараларды іске асыру СОЛАС-74 халықаралық конвенциясының талаптарына сәйкес Каспий теңізінің Қазақстандық секторында навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 7 айда 62% - ға ұлғайып, 2,5 млн тоннаны құрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы