Көлік министрі АҚШ Сауда миссиясының өкілдерімен кездесті

Астанада Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев пен АҚШ Сауда палатасының Аға вице-президенті Хуш Чокси бастаған АҚШ Сауда миссиясының делегациясы арасында кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Делегация құрамында Apple, Boeing, Citi, Wabtec, Google сияқты 20 жетекші американдық компаниялардың өкілдері болды.

Кездесуде көлік саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Марат Қарабаев Қазақстанның көлік саласы халықаралық сауданы дамытуда шешуші рөл атқаратынын және Еуропа мен Азияны бірнеше стратегиялық маңызды дәліздер арқылы байланыстыратынын атап өтті.

Осы тұрғыда Қазақстан шетелдік компаниялармен инвестиция және ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктер ұсынады.

Отырыста локомотивтер мен теміржол технологияларын өндіру саласындағы көшбасшы Wabtec компаниясының қатысуымен теміржол көлігін жаңғырту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Қазақстанның авиациялық билігі АҚШ-пен тікелей рейстерді іске қосу туралы келіссөздер жүргізуде, бұл экономикалық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Кездесу соңында тараптар Қазақстанның көлік жүйесінің тиімділігін арттыруға, логистикалық процестерді жақсартуға және еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретін, көлік саласындағы белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Көлік министрлігі
Өзгелердің жаңалығы