Көлік логистикасын реттей білсек, ол мұнай сияқты табыс әкеледі - сарапшы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүк транзитіне шетелден сұраныс жоғары. Бұл туралы сарапшы, «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» Халықаралық қауымдастығы» ЗТБ Бас хатшысы Гайдар Әбдікерімов Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, еліміздің аумағы арқылы жүк өткізу бойынша шетелден ұсыныс өте көп. Оның ішінде Еуропа, Еуроодақ елдері, Түркия, Солтүстік Африка мемлекеттері, Оңтүстік Еуропа елдері, Қытай бар.
Мәселен, Қытайдың көлік қауымдастығы қанша жүкті өткізуге рұқсат берсеңіздер, біз сонша жүкті ертең-ақ жіберуге дайынбыз деп отыр. Қазақстанның транзиттік әлеуеті қазіргі нарықтағы сұранысқа ие қызмет түрі. Жалпы, транзит дегеніміз біздің ата кәсібіміз, біз онымен ежелден айналысып келеміз. Ұлы Жібек жолы бізде тасымалдың дамығанын көрсетеді. Біз соны жоғалтпай, одан әрі дамытуымыз керек,-дейді Г.Әбдікерімов.
Сонымен қатар ол жүк тасымалын реттеп, дұрыс жолға қоя білсек одан мұнайдан табыс тапқандай пайда көреміз деген ойын айтты.
Қазір мұнай саласында қиындықтар болып жатыр. Дегенмен біз транзитті жақсы жолға қоя білсек, ол келешекте мұнай сияқты табыс әкеледі. Көлік логистикасы таза қызмет көрсету, сондықтан қомақты табыс табуға мүмкіндігіміз бар. Еліміз соған келе жатыр, әр үрдістің өз кезеңі, қадамы бар. Біз сол қадамдар бойынша келе жатырмыз. Президенттің осы жолғы үндеуі маған ұнады. Сонда айтылған төрт интеграцияланған көлік логистикалық компаниясын құрсақ, Қазақстанның логистикалық индексі біршама жоғарылайды. Ал, ол индекстерге әлемдік биржалар қарайды,-деді ол.